Қазақстандық жас теннисші Албанияда өткен жарыста абсолютті жеңімпаз атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Әдемі Әлсейпулова Албания астанасы Тиранада өткен Tennis Europe Tirana Open U12 турнирінің абсолютті чемпионы атанды.
Қазақстандық жас теннисші алдымен ресейлік Арина Сыроежкинамен бірге жұптық сында үздік шықты.
Содан кейін жекелей сында финалда тартысты матчта камбэк жасап, Беларусь өкілі Мария Микалайчикті қапы қалдырды – 4:6, 6:3, 10:5.
Осы жарыста Темірлан Жантеміров жұптық сында поляк Юлиан Зейбамен бірге финалға дейін жетті.
Өзбекстанның Наманган қаласында J30 Namangan ITF жарысы қазақстандық қыздар үшін сәтті аяқталды. Жұптық сындағы соңғы бәсекеде София Исакова мен Сәтима Төреген тағы бір қазақстандық Ариана Колбасина және ресейлік Виктория Егоровамен чемпиондық атақты сарапқа салды. Мұнда С.Исакова – С.Төреген қарсыластарынан 6:3, 6:3 есебімен басым түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның әлемдегі үздік елу теннисшінің қатарына енгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Недовесов әлемдік рейтингіде рекордтық нәтижеге қол жеткізді.