Аталған додада 17 жастағы қазақстандық Иван Пономарев жұптық сында сәтті өнер көрсетіп, финалға дейін жетті.
Соңғы бәсекеде И.Пономарев өзбекстандық Ахмаджон Тошмухамедовпен бірге ресейліктер Никита Бердин — Даниил Ткаченкомен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Қазақстандық-өзбекстандық тартысты матчта супер тай-брейкте ғана қарсыластарына есе жіберді — 2:6, 6:1, 8:10.
Финалдағы жеңіліске қарамастан, Иван үшін биылғы маусым табысты болды. Ол ITF Juniors жарыстарында екі титулды жеңіп алды. Оған қоса жұптық сында екі рет финалда өнер көрсетті.
И.Пономарев — Алматы қаласындағы Gorky Tennis Park теннис орталығының түлегі.
— Өтіп бара жатқан маусым мен үшін жарқын да пайдалы болды. Шеберлікті жетілдіруге болады, айқын мақсат бар. Тұрақты қолдау көрсетіп, маған сенген бапкерім, Беларусь өкілі Ярослав Шилоға риясыз алғысымды білдіремін. Қолдау-көмегін аямайтын ата-анама да мың алғыс, — деді ойыннан кейін И.Пономарев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әмір Омархановтың Тунистегі турнирдің жартылай финалына өткенін жазған едік.