Қазақстандық жас теннисші Испаниядағы турнирдің жеңімпазы атанды
Қазақстандық Ясмин Дүйсембаева Испанияның Санта Понса қаласында 12 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы Tennis Europe сериясы бойынша өткен турнирдің чемпионы атанды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Я.Дүйсембаева финалда Болгария өкілі Майя Михованы 7:5, 6:2 есебімен жеңді.
Ұлдар арасында тағы бір қазақстандық Ахмади Маханов финалға дейін жетіп, корт иесі Томас Мартинге жол берді – 1:6, 1:6.
Ахмади есесіне жұптық сында Балқан Нұрдәулетпен бірге соңғы бәсекеде словакиялық Леонард Нипц – украиналық Егор Романютты 6:1, 6:2 есебімен ұтып, жеңімпаздар қатарына қосылды. Әдемі Әлсейпулова нидерландтық Пиппа Фенниспен бірге финалда испаниялықтар Пелас – Бельтранға есе жіберді – 3:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің Словакиядағы жарыстың финалында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Теннисші Бейбіт Жұқаев әлемдік рейтингіде 53 сатыға жоғары көтерілді.