ОРАЛ. KAZINFORM — Словенияның Марибор қаласында ITF World Tennis Tour M25 турнирінің іріктеу сайыстары мәресіне жетті.
Қарағанды теннис мектебінің түлегі, 19 жастағы Максим Батютенко алдымен аустралиялық Джер Стейлиді тізе бүктірді – 6:3, 7:5.
Содан кейін Максим словениялық Мех Ветрихті қапы қалдырды – 6:4, 6:3.
Батютенко іріктеу сайыстарының финалында тағы бір словениялық Вал Уранкардан айласын асырды – 6:3, 7:5.
Осылайша, негізгі жарысқа жолдама алған М.Батютенко алғашқы айналымда корт иесі Ник Миковичтен өтуге тырысады.
Максим жасөспірімдер арасында өткен жылы ITF Juniors рейтингісін 50-орынмен қорытындылаған болатын. Қазіргі кезде қазақстандық теннисші Хорватияда Игорь Зорин мен Александр Карпенконың қоластында жаттығуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Доминикан додасында қарсыласын ойсырата ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).