Қазақстандық Аружан Сағындықова жұптық сында Монастир (Тунис) ITF турнирінің жартылай финалына дейін жетті, деп хабарлайды Kazinform.
Жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген 18 жастағы А.Сағындықова мен белоруссиялық Дарья Хомутянской ширек финалда тунистіктер Хиба Хени – Рахим Рассилмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық-белоруссиялық жұп 6:4 есебімен басым түсті.
Екінші сетте тунистік дуэт есе қайырды – 7:6 (7:5). Дегенмен супер тай-брейкте Аружан мен Дарья жеңісті жұлып алды – 11:9.
А.Сағындықова – Д.Хомутянской бір күнде екінші рет кортқа шығып, жартылай финалда доданың 2-ракеткалары, нидерландылық Стефани Джудит Виссхер – германиялық Селина Далға 2:6, 2:6 есебімен жол берді. Сөйтіп финалға бір қадам жетпей тоқтады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның ең жоғары ақы төленетін әлемдегі 10 спортшының қатарына кіргенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Дмитрий Попко жекелей сында Түркиядағы турнирдің жартылай финалына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).