АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Дамир Жалғасбай, Сәтима Төреген және Анастасия Крымкова жұптық сында 18 жасқа дейінгілер арасында ITF Juniors турнирлерінде үздік шықты.
Д.Жалғасбай Барселонада (Испания) J100 жарысында жеңімпаз атанды. Қазақстандық теннисші франциялық Николь Робермен бірге финалда украиналық Максим Колобишко – испаниялық Ноа Лопезді 7:5, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Жекелей сында Дамир финалға дейін жетіп, шешуші бәсекеде испаниялық Тито Чавеске жол берді – 4:6, 1:6.
Өткен аптада Д.Жалғасбай Польшада J100 додасында озып шығып, соның нәтижесінде жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде ТОП-200-ге кірді. Өзбекстанның Ферғана қаласында ITF Juniors J100 турнирі аяқталды. Қыздар арасында Сәтима Төреген мен Анастасия Крымкова чемпион болды. Қазақстандықтар финалда ресейліктер Алена Харченко – Кира Плишвитчеваны айқын басымдылықпен ұтты – 6:3, 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Мексикада финалға бір қадам жетпей тоқтағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ бүгін теннистен АҚШ ашық чемпионаты басталады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).