АСТАНА. KAZINFORM — Шолпан-Ата (Қырғызстан) қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында теннистен ITF Juniors J30 турнирі аяқталды.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, бозбалалар арасында қазақстандық Даниель Юрекли финалда америкалық Аруша Котені 6:2, 1:6, 6:3 есебімен ұтты.
Бұл — Даниельдің ITF Juniors жарысындағы алғашқы титулы.
Сондай-ақ Родион Лукашов пен Тимур Сауленко жұптық сында үздік шықты. Қазақстандықтар соңғы бәсекеде жергілікті теннисшілер Давид Могилевский — Никита Клетцовты қапы қалдырды — 4:6, 6:3, 10:4.
Қыздар арасында шымкенттік Сабина Шухратова финалда ғана қырғызстандық Сабина Хаибрахмановаға есе жіберді — 2:6, 1:6. Ал жұптық сында қазақстандықтар Сафина Сафиуллина — Яна Штода тартысты матчта ресейліктер Софья Бахарева — Софья Шарипованы жеңді — 6:7 (1:7), 7:6 (7:5), 10:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде 13-орынға түсіп қалғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).