Қазақстандық жастардың шетелде оқуға мүмкіндігі көп – сарапшы пікірі

Фото: UKIMET

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда биыл 10 шетелдік университеттің филиалы ашылады. Бұл туралы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтқан еді.

«Қазақстанда академиялық және зерттеуші хаб құру – мақсат» деді министр. Жастар білімге ұмтылған заманда әлемнің үздік жоғары оқу орындары қандай гранттар ұсынып отыр? Сарапшы маман жауап берді.

– Әлемнің үздік университеттері ұсынатын гранттарға қазақстандық жастардың қол жеткізу мүмкіндігі өте жоғары. Шетелдің жоғары оқу орындары мен мемлекеттер тарапынан бөлінетін гранттар бар. Мысалы, мемлекетаралық келісімшарт бойынша Түркия Республикасы жыл сайын қазақстандық жастарға 200-ден астам грант бөледі. Бұл грант тек оқудың қаражатын ғана емес, шәкіртақыны, жатын орынды, медициналық сақтандыруды және ұшу билеттерін де қамтиды. Танымалдығы жағынан екінші орында Венгрияның Stipendium Hungaricum бағдарламасы тұр. Бұл бағдарлама қазақстандық азаматтарға жыл сайын 250 грант бөледі. Венгрияда бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша оқуға болады, - дейді Алма Қожан «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Студия қонағы өзге де квоталарға тоқталды.

Фото: видеодан алынған скрин/Jibek Joly

– Сонымен қатар Италия сияқты еуропалық елдер де қазақстандық жастарға көптеген квота қарастырады. Мәселен, Италияда егер отбасының жылдық табысы 12 мың еуродан төмен болса, студенттерге жеңілдіктер қарастырылған, кей жағдайда тегін оқуға мүмкіндік бар. Бұған қоса жылына 7 мың еуро көлемінде шәкіртақы тағайындалуы мүмкін. Ал Жапония елі бұрын тек 12 жылдық білімнен кейін қабылдаса, қазір 11-сыныпты бітірген түлектерге де мүмкіндік беріп жатыр, - дейді білім саласындағы сарапшы.

Алма Қожан шетелдік грантқа қол жеткізу үшін не істеу керегін айтты.

– Көпшілік грант ұтып алу үшін оқушының бағалары өте жоғары болуы қажет деп ойлайды. Алайда бастысы – талапкердің ынтасы. Университеттер мен сарапшылар мотивациялық хатқа ерекше мән береді. Өйткені басты сұрақ: «Сен не үшін осы оқу орнына барғың келеді?». Оқушы өзінің таңдаған мамандығын не себепті таңдағанын, болашақтағы жоспарын нақты көрсете алуы тиіс. Жәй ғана «шетелде оқығым келеді» деген жауап қабылданбайды, - дейді ол.

Ал қазақстандық жастар шетелдік гранттарды ұту үшін тыңғылықты дайындалатын көрінеді.

– Қазақстандық оқушылар бұл тұрғыда жақсы дайындалады. Қазір IELTS-ке дайындық мектеп кезінен басталады. Бакалавриатқа түсу үшін ең төменгі IELTS балы – 5,5. Университеттердің 50-60 пайызы талапкердің бағаларына қарайды, ал қалғаны мотивациясына және жетістіктеріне байланысты. Халықаралық олимпиадалардан алған жүлделер де артықшылық болып саналады. Алайда, ынтасын дәлелдей алмағандықтан, оқушылардың 50 пайыздан астамы өте алмай қалады. Комиссия өкілдерінің айтуынша, талапкердің ынтасын анықтау үшін небәрі екі минут жеткілікті. Мысалы, «Неліктен Түркияға түскің келеді?» деген сұраққа талапкер алғашқы екі-үш сөйлемінде нақты әрі шынайы жауап бере алса, оның ынтасы көрінеді, - дейді маман.

Білім саласындағы сарапшы сұранысқа ие мамандықтарды да тізіп шықты.

– Қазіргі таңда әлемде IT саласы қарқынды дамып жатыр. Инженерияға да сұраныс жоғары. Механикалық, электрлік, Software Engineering, Computer Engineering мамандықтары қажет. Сонымен қатар агроиндустрия мен агроинженерия саласы да болашақта қарқынды дамиды, - дейді ол.

Студия қонағы талапкерлерге мамандық таңдау үшін бірнеше мәселені ескеру керектігін жеткізді.

– Көптеген оқушылар «математикадан немесе физикадан әлсізбін, сондықтан бизнес менеджмент не халықаралық қатынастарды таңдаймын» деп айтып жатады. Бірақ мамандықты таңдағанда келешекке қарау маңызды. Ең бастысы – нақты мақсаттың болуы. Егер мақсат айқын болса, кез келген сала бойынша грант алуға мүмкіндік бар, - дейді сарапшы.

Маман қазақстандық және шетелдік дипломның айырмашылығын да айтты.

– Шетелдік грант иегерлері оқуын аяқтағаннан кейін елге қайтып келуге міндетті емес. Олар тағылымдамадан өтуге, әрі қарай білімін жалғастыруға немесе жұмыс істеуге өз бетінше шешім қабылдайды. Қазақстандық дипломы бар түлек пен шетелдік дипломы бар түлек бірдей қарастырылады. Егер түлек қосымша тағылымдамадан өтпесе немесе белгілі бір салада сарапшылық деңгейі болмаса, ол тек университет түлегі болып қала береді. Айырмашылық – шетелде оқығандар тіл біледі және жаңа ортаға тез бейімделеді, - дейді Алма Қожан.

Студия қонағы қазақстандық жастардың талпынысына жоғары баға берді.

– Қазақстандық мектептердің деңгейі жоғары болғандықтан, түлектер шетелдік бәсекеге жақсы дайындалады. Біздің жастарымыз 9-сыныптан бастап дайындала бастайды. Бұл – мақтаныш, себебі Еуропада көптеген жастар мектепті бітірген соң бірден жұмысқа кетуді жөн көреді. Көп елде студенттерге шәкіртақы қарастырылмаған. Сондықтан студенттер бір жылдан кейін 20 сағаттық жұмыс істеу рұқсатымен өздерін қамтамасыз етеді. Ал мемлекетаралық гранттар аясында шәкіртақы беріледі. Сонымен қатар түрлі қорлар тарапынан да гранттар бар. Қазақстандық жастар көбіне қымбат емес университеттерге де түсіп жүр, - деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында 93 мыңнан астам білім гранты бөлінді.