АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан атынан әлемдік додаларда бақ сынап жүрген Нора Джеруто жеңіл атлетикадан Олимпиада нормативін орындады. Бұл мүмкіндікке ол АҚШ-та өткен USATF Los Angeles Grand Prix турнирінде ие болды.
Ол аталған турнирде 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден бақ сынап, нәтижесінде 9:22.45 уақыт көрсеткішімен қола жүлдеге қол жеткізді. Нора мәре сызығын Канада және АҚШ спортшыларынан кейін үшінші болып кесті.
Олимпиада нормативін орындаған Джеруто іріктеуден өткен екінші қазақстандық жеңіл атлет атанып отыр. Бұған дейін марафоншы Жанна Мамажанова Олимпиада нормативін орындаған еді.
Айта кетсек, қазір ел құрамасы қоржынында Париж Олимпиадасына берілген 51 жолдама бар.
Дүбірлі дода 26 шілде-11 тамызы аралығында өтеді. Оған әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы келеді деп күтілуде. Айтулы аламанда спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.