Қазақстандық ЖИ енді видеоны 5 тілге аударып, ұлттық нақышта сурет салады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық ғалымдар бес түрлі жасанды интеллект әзірледі. Олар дыбысты бес тілде мәтінге айналдырып, видеодан ілеспе аударма жасайды, қазақша латын қарпін түсініп, ұлттық нақышта сурет салады. Ең бастысы, бұл жүйелер интернетсіз де жұмыс істей алады.
Nazarbayev University жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) мамандары көпшілікке жасанды интеллектіге құрылған бес жаңа технологияны таныстырды. Бұл жүйелер ЖИ-ді қазақ тілі мен мәдениетіне бейімдеп дамытудың нақты қадамына айналуы мүмкін.
Бес жүйенің төртеуі қазірдің өзінде ISSAI платформасында жұмыс істеп тұр. Бесіншісі жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған. Жасанды интеллект қызметін пайдалану үшін ISSAI-дің ресми сайтына тіркелу қажет. Сол жердегі мәзірден әр құралдың атын тауып, еркін қолдануға болады. Жүйе әр аккаунтқа алғашқыда тегін қызмет көрсетеді. Басқаша айтсақ, тапсырма көлемі бойынша белгілі бір шекті лимит бар. Бұл лимит қарапайым қолданушыға шамамен алты айға жетеді. Шекті межеден асқан соң қызмет ақылы форматқа көшеді.
Oylan 2.5 – қазақша сөйлейтін көмекші
Oylan 2.5 – қазақ, орыс және ағылшын тілінде жұмыс істейтін жасанды интеллект көмекшісі. Пайдаланушы оған сұрақты дауыстап айта алады немесе мәтінмен жазады, тіпті сурет те жүктей алады. Ол үй тапсырмасы болсын, сызба болсын – бәрін талдап, нақты жауап береді. Ең басты жаңалығы – Oylan қазақ тілін латын әліпбиімен де түсінеді.
- Біз қолданушылардың әрбір ұсыныс-тілегін сараптап отырамыз. Өзіміз де талдау жүргізіп көрдік. Жасанды интеллектімен жұмыс көп істейтін жастар қазақ тіліндегі мәтіннің өзін латын әрпімен жиі теретінін, оны есеп машинасы да тез оқитынын анықтадық. Сол үшін латын әліпбиінің қазақша нұсқасы әлі ресми бекітілмесе де, халықаралық стандарт негізінде жасақ шығардық, - дейді ISSAI-дың атқарушы директоры Ербол Әбсалямов.
MangiSoz 2.0
Бұл жүйе қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тіліндегі дыбыстарды мәтінге айналдырып, бір-бірінен дыбыс түрінде де аудара алады. Аударма дыбысына ер адамның немесе әйел адамның дауысын таңдап алуға болады.
TilSync – видеоға ілеспе аударма
Бұл құрал бейнеконференциялар мен онлайн сабақтарға ыңғайлы. Сөйлеушінің сөзіне қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде субтитр түрінде ілеспе аударма жасайды. Таныстырылым кезінде ISSAI бас директоры Хусейн Атакан Варолдың кіріспе сөзін осы жүйе қазақшаға субтитр күйінде аударып тұрды. Авторлар оны әлі де жетілдіру керек деп отыр. Әбден жетілген нұсқасын күзге дейін аяқтап, жыл аяғында ресми іске қоспақшы.
Beynele – ұлттық нақыштағы сурет
ЖИ бұл жүйеде мәтінді оқып, оның мазмұнын ұлттық нақышта бейнелейтіндей ерекшеліктерді де қолданып суретке айналдырады.
Mangitas 02 – қауіпсіз сервер
Жасанды интеллектпен жұмыс істегенде деректердің қауіпсіздігі маңызды. Mangitas 02 құрылғысы жасанды интеллект жүйелерін интернетке қоспай-ақ, жергілікті серверде жүргізуге мүмкіндік береді. Мектептер, мемлекеттік мекемелер мен жеке ұйымдар деректің қауіпсіздігіне алаңдаса, серверді коммерциялық негізде пайдалана алады.
- Тіпті интернет пайдалану аясы барынша шектеулі мемлекеттік органдардың өзі бұл серверде жасанды интеллект игіліктерін алаңсыз пайдалана алады. Арнайы сервер ұсынғандықтан, ақпараттың таралмауына толық кепілдік бере аламыз. Мекеме қызметкерлерінің өзі электронды тасығышқа көшіріп, басқа жерде интернетке жүктемесе, біздің серверден таралуы мүмкін емес, - дейді ISSAI ІТ өнімдер менеджері Әмина Байкенова.
ISSAI бас директоры Хусейн Атакан Варол аталған жүйелер ешбір шетелдік сервиске тәуелді емес екенін баса айтты.
- Бұл – Қазақстанды цифрлық егемендікке жетелейтін маңызды қадам. Осы бес жобаның бәрін өз зерттеушілеріміз, инженерлер мен Data мамандар жасады. Қондырғыларды ғана сырттан сатып алдық. Санкция саясаты ушығып тұрған кезде алғашқы буынның суперкомпьютерлерімен қуаты шамалас сервер орнату оңай болған жоқ. Сондықтан мұны Қазақстан ғылымының жетістігі ретінде бағалауға әбден болады, - дейді Хусейн Атакан Варол.
Институттың атқарушы директоры Ербол Әбсалямов 5 жүйені әзірлеуге Назарбаев қорының қаражаты жұмсалғанын, бюджеттен бір де бір теңге алынбағанын айтады. Былтырдан бері институт жеке меншік ұйым ретінде қайта тіркелген екен. Бұл статус оларға осы жобаларды жетілдіре түсу үшін ғылыми гранттардың конкурсына қатысуға мүмкіндік береді.
Ақылы қызметтің құны қанша?
Стартапшы, зерттеуші Әсем Тәжиева бұл 5 жүйені Қазақстан ғылымының үлкен серпілісі деп атады.
- Мен БАҚ өкілдері отырғанын біліп арнайы сөз алып отырмын. Бүгін таныстырылған жүйелер жай ғана ғылыми жетістік емес үлкен серпіліс екенін стартап саласындағы маман ретінде айтып отырмын. Жасанды интеллектің қазақ тілінде сөйлеуі және қауіпсіз, жергілікті контексте жұмыс істей алуы өте ішкі әлеуетімізді дамытуға аса қажет. Жасанды интеллектпен байланысты стартаптардың бәрін іске асыру үшін осы саладағы жетекші елдерге ақша төлейміз. Сол ақшаны өзімізде қалдырудың бірден-бір жолы – бүгін таныстырылған жүйелер мен сервер, - дейді ол.
Әмина Байкенованың айтуынша әр жүйенің тегін падалану лимитті әртүрлі:
MangiSoz 2.0 жүйесі – әр аккаунтқа алғашқы 250 мың символды дыбыстан мәтінге тегін айналдырып береді. (Бұл 12 шрифтілі 500-600 бет мәтін аударға жетеді).
Oylan 2.5 – 250 мың токин тегін беріледі. (Бұл күніне бір тапсырма берілді деп есептегенде 6 айға жететін лимит).
Ақылы кезеңде 1 млн токинге 4 мың теңгеден ақы алынады. Осының бәрін қолданушыға ыңғайлы ету үшін жүйелер әбден жетілдірілгеннен кейін мобильді қосымшаларын жасау жоспарланған.
Жиын соңында Ербол Әбсалямов қазақстандықтарды аталған жүйелердің ақысыз нұсқасын мейлінше жиі тұтынып, сын-ескертпелерді түсінікті етіп жолдауға шақырды.
- Әлемдегі жасанды интеллектің бәрі тұтынушының кері байланысының арқасында жетіліп жатыр. Сондықтан қазақ тілді ЖИ сапалы болсын деген ниеті бар әрбір азамат осы іске белсенді атсалысса екен, - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Қосшыда тергеу жұмыстарына жасанды интеллект тартылып жатыр.