Қазақстандық журналист Лев Тараков өмірден өтті

Фото: Фото: aikyn.kz

АСТАНА.KAZINFORM — 59 жасқа қараған шағында көрнекті журналист, мемлекет қайраткері, «Время» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Лев Тараков кенеттен өмірден озды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Журналистің қайтыс болғанын «Время» газетінің редакциясы растады.

Лев Тараков 1966 жылы 9 қыркүйекте Украина КСР-нің Черкасск облысында дүниеге келген. 1988 жылы Киев жоғары әскери-теңіз саяси училищесін бітірді. Сол жылы ол Солтүстік флот кемелерінде саяси офицер болып еңбек жолын бастады.

Лев Юрьевич өзін сөзге, қоғамға, Отанға қызмет етуге арнады. Оның жолы — мемлекеттік қызметте де, қазақстандық журналистикада да терең із қалдырған кәсіби маманның жолы. Ол тәуелсіз Қазақстанның медиа ортасын қалыптастырған, объективтілік, адалдық, азаматтық жауапкершілік қағидаттарына берік болғандардың бірі болды.

Осы жылдары ҚР Баспасөз және БАҚ министрлігінің қызметкері, ҚР Президенті Әкімшілігінің талдау бөлімінің қызметкері, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің жетекшісі, «Известия-Казахстан» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды.

2012 жылдың мамыр айынан бастап «Время» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы болды. Сол жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы БАҚ мәселелері жөніндегі кеңестің мүшесі де атанды.

Оның қызметі мен тұлғасы кейінгі буын журналистеріне үлгі.

Біз оның отбасы, балалары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз.