Қазақстандық жүзгіш әлем кубогы кезеңінде ұлттық рекордты жаңартты

АСТАНА. KAZINFORM — Жүзуден Қазақстан құрамасының спортшысы Ғалымжан Балабек Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан әлем кубогының кезеңінде ел намысын қорғап жатыр.

Фото: ҚР ҰОК

Отандық спортшы 400 метрге еркін әдіспен жүзуде 3:47.13 уақыт нәтижесін тіркеп, 12-орынға тұрақтады. Осы көрсеткіші арқылы Ғалымжан Балабек Қазақстан рекордын жаңартты.

АҚШ өкілі Карсен Фостер алтын медаль жеңіп алды — 3:37.39. Күміс жүлде бельгиялық Лукас Пьер А. Энвоға бұйырды — 3:37.74. Ал Мэттью Колдуэлл (ОАР) үздік үштікті түйіндеді — 3:40.95.

Айта кетейік, әлем кубогының кезеңі 10 қазанға дейін жалғасады.

Еске салайық, бұған дейін Диас Жиренбаев Денис Тен мемориалында 7-орын алғанын жазғанбыз.