Қазақстандық жүзгіштер Азия Пара ойындарында күміс медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы жүзуден Аичи және Нагояда (Жапония) өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында күміс жүлдеге ие болды.

Фото: Ұлттық паралимпиадалық комитеті

Отандастарымыз 4×50 метрге еркін стильде жүзуден аралас эстафетада екінші орын алды. Қазақстандық спортшылар қашықтықты 2 минут 48,99 секундта жүзіп өтті.

Ұлттық құрама сапында Наталья Звягенцева, Айсұлтан Құлкеев, Сиязбек Далиев және Зульфия Ғабидуллина өнер көрсетті.

Жарыста Қытай құрамасы 2 минут 25,22 секунд нәтижесімен топ жарды. Ал Таиланд өкілдері 2 минут 54,64 секунд көрсеткішімен қола медаль жеңіп алды.

Еске салайық, бұған дейін Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия Пара ойындарында ел құрамасының қоржыны тағы бірнеше жүлдемен толыққанын жазған едік.