ПАРИЖ. KAZINFORM – Қазақстандық пара жүзу шебері Нұрдәулет Жұмағали Парижде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Қазақстандық спортшы 100 метрге брасс әдісімен (SB13 санаты) жүзуде 1:04:83 нәтижемен мәре сызығын екінші болып қиды.
Жүзудің бұл түрінен аталмыш қашықтықта Нұрдәулет әлем және паралимпиада рекордшысы, германиялық спортшы Талисо Энгельді (1:01.90) ғана алға жіберді.
Қола жүлде әзербайжандық Вели Исрафиловқа (1:05.35) бұйырды.
Жарыс барысында Н.Жұмағали Азия рекордын жаңартты. Бұған дейін Нұрдәулет Токио Паралимпиадасында қола жүлде алған еді.
Осылайша, Париж Паралимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына бесінші медаль түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақмарал Науатбектің жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).