Қазақстандықтар АҚШ визасын алатын кезде неге қиындыққа тап болады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың АҚШ визасын алу кезінде жиі бас тартуға тап болуының себебіне түсініктеме берді.

Фото: Монцамэ

Атап айтқанда, ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаев бұған дейін Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев айтқан АҚШ визасына өтініш берген қазақстандықтардың шамамен 45-46 пайызына бас тартылатыны туралы мәліметке түсінік берді.

Оның айтуынша, виза беру туралы түпкілікті шешімді шетел мемлекетінің уәкілетті органдары қабылдайды. Егер өтініш беруші құжаттардың толық топтамасын ұсынып, ешқандай заңбұзушылыққа жол бермесе, визаны алу мүмкіндігі жоғары болады.

– Егер құжаттарда қандай да бір сәйкессіздік болса, әдетте азаматқа нақтылау сұрақтары қойылып, қосымша құжаттар талап етіледі. Менің білуімше, олар уақытылы ұсынылғанда, көп жағдайда виза мақұлданады, – деді Ерлан Жетібаев СІМ-де өткен брифингте.

Ресми өкілдің сөзінше, визадан бас тартуға көбіне құжаттарды рәсімдеу кезіндегі техникалық қателіктер себеп болады.

– Бұл негізінен құжаттардың талаптарға сәйкестігіне қатысты техникалық мәселелер. Кейбір елдерде талап етілетін құжаттар тізімі көлемді болса, енді бірінде аздау. Алайда құжаттар саны аз болғанның өзінде оларды дұрыс рәсімдемеу жағдайлары кездеседі. Мәселен, сауалнаманы толтыру кезінде, сақтандыру полисін ресімдеуде немесе жол жүру билеттерін ұсынуда қателік жіберіледі. Әрбір жағдай жеке қаралады, – деп түсіндірді ведомство өкілі.

Сондай-ақ Ерлан Жетібаев Қазақстандағы АҚШ консулдықтарына жүгінетін Ресей азаматтарының визаны жиірек алатыны туралы ақпаратқа да пікір білдірді.

– Сұрақтың екінші бөлігіне келсек, Ресей азаматтарына қатысты мұндай ақпарат бізде жоқ. АҚШ елшілігі тарапынан да осыған қатысты қандай да бір ресми мәлімдеме немесе статистикалық деректер жарияланған жоқ, – деді ол.

Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Еуропалық одақ елдеріне визалық өтініштерді қарау мерзімінің ұзаруына қатысты түсініктеме беріп, визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздердің барысы туралы айтқан еді.