«Балалар достық кубогы»: Бейжіңде шахматтан балалар турнирі өтті

АСТАНА. KAZINFORM — 30 мамыр күні Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған алғашқы «Балалар достық кубогы» шахмат турнирі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Фото: Берик Табынбаев/Kazinform

Бейжіңде өткен балалар шахмат турниріне 6 елден 40-қа жуық жас спортшы қатысты. Олардың қатарында Қытайдың шахматшылары, сондай-ақ Әзербайжан, Қазақстан, Ресей, АҚШ және Өзбекстан елшіліктері қызметкерлерінің балалары болды.

Ұйымдастыру комитетінің өкілдері жастар мен гуманитарлық алмасулардың мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты дамытудағы ерекше рөлін атап өтіп, шахматты халықаралық қарым-қатынастың әмбебап тілі деп атады.

Турнир швейцариялық жүйе бойынша бес турдан тұрды. Әр ойыншыға партияға 15 минут уақыт беріліп, әр жүріс үшін қосымша 10 секунд қосылды. Жарыс басталар алдында төрешілер алқасы қатысушыларға нұсқаулық өткізіп, жарыс ережелері мен шахмат этикасының қағидаларын еске салды.

«Үздік шахматшы қыз» арнайы номинациясында қазақстандық София Райымханова жеңімпаз атанды. Даниял Сабитов үздік үштікті түйіндесе, Лю Сычэнь екінші орынға ие болды. Ал Игорь Шмелев турнир жеңімпазы атанды. Барлық қатысушыларға естелік дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Іс-шараны Қытайдағы Қазақстанның мәдени орталығы, Zhiyi Fangzhou Sports & Culture Co., Ltd. компаниясы және Бейжіңдегі Yijia халықаралық шахмат клубы Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Айта кетейік, елордалық жасөспірім шахматтан Қазақстан чемпионы атанды.