Қазақстандықтар білімге өте құштар - америкалық ғалым

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда өткен IQ BBQ ғылыми-музыкалық фестиваліне америкалық астрофизик, Аризона штатында жер мен ғарышты зерттеу университетінің профессоры Лоуренс Краусс қатысты. Ол ғарыш және ғылым туралы баяндама жасады.

Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Іс-шара барысында америкалық астрофизик Қазақстан туралы ойын білдірді.

- Бұл менің Қазақстанға үшінші рет, Алматыға екінші рет келуім. Алматының таулары мен адамдары маған өте ұнады. Жергілікті университеттерде бірнеше рет лекция оқыдым. Мұндағы адамдардың оқып-білуге деген құлшынысы күшті, сондықтан болашақта тағы да келемін деп ойлаймын, - деді ол.

Сондай-ақ ғалым көрермендермен сұрақ-жауап кезінде «бүгінгі ғарыш жарысында кім жеңіске жетеді» деген сауалға жауап берді.

- Болашақ өз ойын шектемей, тәжірибе жасауға дайын адамдарға тиесілі және олардың қай жақтан екені маңызды емес, - деді америкалық ғалым.

Лоуренс Краус ғарыш туралы ғылыми-фантастикалық кинофильмдердің қайсысы шындыққа жақын екенін атап өтті.

- Ғарыштағы саяхаттың шынайы бейнесін көрсеткен фильмдер өте аз. Мысалы менің досым жасаған «Interstellar» фильмін алып қарасақ, бұл ғылыми-фантастикалық фильмдердің ішіндегі ең шындыққа жанаспайтыны деуге болады. Оның қасында «2001: A Space Odyssey» туындысы жаман емес. Бірақ оның өзі ғылыми-фантастикалық фильмдер болашақты дәл болжай алмайтынын көрсетеді. Себебі 1968 жылы түсірілген бұл кинода 2001 жылға қарай бәріміз ғарыштағы қонақ үйлерде тұрамыз деп болжаған. Бірақ қазір ешкім ғарышта тұрып жатқан жоқ. Себебі адам үшін ғарышқа ұшу фильмдерде көрсетілгеннен әлде қайда қиын, - деді астрофизик.

Сонымен қатар, америкалық ғалым ғарыштағы алыс сапарларға тек роботтарды жіберу мүмкін екенін айтты.

- Меніңше, ғарыш ішінде саяхаттаудың шынайы мүмкіндігі адамдарға қолжетімсіз. Себебі біз ғарыш үш жаратылмағанбыз. Мен ғарыш ішіндегі саяхатқа кішкентай роботтарды жібергенді құп көремін. Мысалы, Марста жүретін құрылғылар маған ол жақта адам жүргеннен көбірек ұнайды. Бірақ бұл пікірмен менің досым Илон Маск келіспейді. Ғарышқа саяхат бұл өте қауіпті әрі қымбат, - деді Лоуренс Краусс.

Еске салайық, бұған дейін келесі қазақ ғарышкері туралы Айдын Айымбетовтың пікірін жазғанбыз.