Қазақстандықтар енді SIM картаны тек байланыс операторларынан ғана сатып ала алады

Фото: Фото: Depositphotos

АСТАНА. KAZINFORM – «Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 171 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізілді.

«Ашық НҚА» порталында жарияланған жоба сәйкестендірусіз тіркелген қазақстандық операторлардың SIM-карталарын пайдалана отырып жасалатын интернет-алаяқтықтармен күресуге бағытталған.

- Абоненттік нөмірлердің тіркелуін бақылауды күшейту және жеке басын сәйкестендіру нөмірінсіз SIM-карталарды сатуға шектеулер енгізу ұсынылады. Түзетулер күшіне енгеннен кейін SIM-карталарды сатып алуды байланыс операторлары жүзеге асырады. Бұл алаяқтық әрекеттердің санын азайтуға мүмкіндік береді. Абоненттердің қауіпсіздігін арттыру және алаяқтықпен күресу үшін байланыс операторлары арнайы байланыс орталығын құрады, онда пайдаланушылар алдау әрекеттері туралы жедел хабарлай алады. Мұндай шара алаяқтық әрекеттерді тез анықтауға, күдікті нөмірлерді бұғаттауға, құқық қорғау органдары үшін деректерді жинауға, сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығын және операторлардың қызметтеріне деген сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, - делінген құжатта.

Одан бөлек, жобада жазылғандай, қазақстандық SIM-карталарды, оның ішінде соңғы пайдаланушыны сәйкестендірмей дистрибьюторлар мен дилерлерге тіркелген интернет-алаяқтықтар санының тұрақты өсуіне байланысты заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындайды.

Алаяқтар ауыстыруға болатын және халықаралық нөмірлерді белсенді қолданады, бұл тергеуді қиындатады және кінәлілердің жазаланбай қалу ықтималдылығын арттырады. Ұсынылған өзгеріс азаматтарды қорғауға және ұялы байланыс арқылы жасалатын қылмыстарды тежеуге бағытталған.

Абонент ұялы байланыс желілеріндегі күдікті қоңыраулар фактісі бойынша ұялы байланыс операторының ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету жүйесіне шағым түсіреді. Абоненттік нөмірді тексергеннен кейін ұялы байланыс операторы қажет болған жағдайда қосымша мәліметтер сұратады. Абоненттің шағымында көрсетілген фактілер расталған кезде ұялы байланыс операторы абоненттік нөмірді бұғаттайды.

Бұйрық жобасы 2025 жылғы 23 мамырға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.

Айта кетейік, бүгінде елімізде бір қолға берілетін SIM-карта санын шектейтін заң әзірленіп жатыр.

Еске салсақ, биыл наурызда 38 мыңнан астам тіркелмеген SIM-карта тәркіленгені туралы хабарлаған едік.

Сондай-ақ eGov порталында заңсыз тіркелген SIM-картаны анықтайтын қызмет іске қосылды.