Қазақстандықтар халықаралық жүргізуші куәлігін қайдан және қалай ала алады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қалалық полиция департаменті, азаматтарға халықаралық жүргізуші куәлігін беруге құқығы жоқ жеке ұйымдарға, туристік агенттіктерге және басқа да құрылымдарға жүгінуге болмайтынын ескертеді.
Халықаралық жүргізуші куәлігі — жүргізушінің шетелде көлік құралын басқару құқығын растайтын құжат. 1968 жылы 8 қараша күні жол қозғалысы туралы Вена конвенциясына қол қойған құжатты 180-нен астам ел мойындаған.
Алматы қалалық Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының процессинг орталығының бастығы Айдын Меркімбаевтың түсіндіруінше, Қазақстан Республикасының «Ішкі істер органдары туралы» заңының 6-бабына сәйкес, жүргізуші куәліктерін, оның ішінде халықаралық куәліктерді беру ішкі істер органдарының айрықша құзыретіне жатады.
— Қазір елде халықаралық жүргізуші куәліктері берілмейді. Азаматтардың күмәнді онлайн-сайттар немесе жеке фирмалар арқылы куәлік рәсімдеуге берген өтініштері заңды күшке ие емес. Халықаралық жүргізуші куәлігі ұлттық жүргізуші куәлігінің орнын баспайды, тек оның ресми аудармасы ғана, — деп атап өтті полициядан.
Құжат қажет болуы мүмкін:
* шетелде автокөлікті жалға алу кезінде;
* жеке автокөлікпен шекарадан өту кезінде;
* жолдағы тексеру барысында құжаттарды көрсету кезінде;
* шетелде сақтандыру рәсімдеу кезінде.
Халықаралық жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру немесе оқудан өту талап етілмейді.
Алматы қалалық полиция департаменті, азаматтарды сақ болуға және алаяқ делдалдардың арбауына түспеуге шақырады.
Күмән туындаған жағдайда азаматтарға аумақтық ішкі істер органдарына жүгініп, толық ақпарат алуға кеңес беріледі.
Бұған дейін жүргізуші куәлігін алатындар 073/е анықтамасын қағаз түрінде тапсырмайтыны туралы жазғанбыз.