Қазақстандықтар интернет арқылы алған тауар құны 200 доллардан асса, операторға декларация құнын төлейді

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар шетелден интернет арқылы алғызған тауар құны 200 доллардан асса, жеткізетін операторға декларация құнын төлейді. Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексін жетілдіретін хаттаманың мәнін түсіндірген Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осындай мәлімет айтты.

Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдері аталған шарт интернет арқылы тауар алғызу қиындауы мүмкін деген күдіктерін айтқан. Серік Жұманғарин ондай түсінік жаңсақ екенін айтты.

- Меніңше, керісінше интернет арқылы тауар алғызу жеңілдейді. Amazon-нан тауар алдыңыз дейік. Мүлде басқа тауар немесе сапасыз болып келуі мүмкін. Не істейсіз? Тауарды қайтару өте қиын болады ғой, дұрыс па? Мәселе өте көп болды. Ал енді бұл оператор тауарды сізге жеткізіп қана қоймай, кеденде сіз үшін декларация тапсырады. Құны 200 доллардан, салмағы 31 килограмнан аспаса, декларация үшін ақша төлемейсіз. «Қазпошта» үйіңізге жеткізіп береді, сіз ақшасын төлейсіз, - деді ол.

Сондай-ақ, ол мұндай шартпен алғызған тауарды сапасы нашар болса, қайтару процесі қалай жүретінін «Қазпоштаның» мысалымен түсіндірді.

- Ал сапасы ұнамаса, «Қазпошта» тауарды қайтарумен өзі айналысады. Яғни бұл сіздің проблемаңыз болмау керек. Егер тауар дұрыс декларациядан өтпеген болса, оған да «Қазпошта» жауапты болады. Қаласаңыз ол декларацияны өзіңіз де толтыра аласыз, - деді Серік Жұманғарин.

Бұған дейін аталмыш хаттама шетелден интернет арқылы алдыратын тауарлардың бағасын 2 пайызға көтеруі мүмкін екенін жазған едік.