Қазақстандықтар қандай экологиялық проблемаларға жиі шағымданады

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Экологиялық проблемалар бойынша жиі шағым түсетін өңірлер қатарында Шымкент қаласы, Ақмола облысы және Ұлытау облысы тұр. 

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

— Қоғамдық кеңістік пен қоршаған ортаның жай-күйін бақылауды ұйымдастыру шеңберінде цифрландыру технологиялары сәтті пайдаланылып жатыр. Өткен жылы іске қосылған @TazaQazBot телеграмм-чат-боты тұрғындарға экологиялық проблемалар мен абаттандыру мәселелерін тез шешуге үлесін қоса алатынын көрсетті. Биыл 11 мыңнан астам өтінім түсті, қазір 10 мың өтінім қаралып, орындалды. Ең жиі көтерілетін мәселелердің ішінде аумақтарды тазалау (2963) қоқысты шығару (662), көшелерді абаттандыру мен тротуарларды күтіп ұстау (607) мәселелері бар, — деді Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында.

Сондай-ақ министр порталда азаматтар өтінімінің сапасыз немесе толық орындалмағаны туралы шағым түсіп жатқанын айтып отыр. 

— Мысалы, Жетісу облысында әрбір алтыншы шағым әкімдікке түседі. Шағымдардың дені Шымкент қаласы, Ақмола облысы және Ұлытау облысында орындалып жатыр. Өтінімдерді қараудан негізсіз бас тарту дерегіне жеке тоқталғым келеді. Мысалы, Алматы қаласы бойынша рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері туралы 7 өтініш әкімдікпен Полиция басқармасына жолданған. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою әкімдіктердің тікелей міндеті және олардың өкілеттігі шеңберінде орындалуы тиіс, — дейді ведомство басшысы.

Айта кетейік, биыл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында 189 мың тонна қоқыс жиналып, 2 млн ағаш отырғызылды