2026 жылғы жазғы туристік маусымда қазақстандықтар арасында ең танымал шетелдік бағыттар қатарында Вьетнам, Мысыр, Таиланд, Түркия, Қытай және Мальдив Республикасы бар.
Комитеттің бағалауынша, былтырғымен салыстырғанда туристік нарықта бірқатар өзгеріс байқалады.
— Кейінгі бір жылда туристер көп таңдайтын бағыттардың рейтингі өзгерді. Мәселен, қазіргі таңда Вьетнам мен Мысырға сұраныс айтарлықтай өсті, Қытай визасыз және тікелей рейстердің арқасында позициясын нығайтты. Геосаяси жағдайға байланысты туристердің бір бөлігі БАӘ-ден Азия бағыттарына ауысты, — деді спикер.
Оның айтуынша, қазақстандықтардың туристік бағыт таңдауына бірнеше фактор ықпал етіп отыр.
— Атап айтқанда, туристер ең әуелі турлардың бағасы мен қолжетімділігіне, визасыз режимнің болуына, жаңа әуе бағыттарының ашылуына, валюта бағамына және әлемдегі геосаяси ахуалға назар аударады. Бұдан бөлек, жағажай демалысына сұраныс пен маусымдық ерекшеліктер де таңдау жасауға әсер етіп жатыр, — деді комитет төрағасының орынбасары.
Министрлік мәліметінше, дәл осы факторлардың ықпалымен кейінгі уақытта қазақстандық туристердің қызығушылығы біртіндеп Азия елдеріне ауып келеді. Әсіресе, Вьетнам мен Қытайға сұраныстың артуы осы үрдістің айқын көрінісі болып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Вьетнамда жаңа онлайн тіркеу жүйесі пайда болғаны жөнінде жаздық.