Қазақстандықтар маркетплейстерде нені сатып алуға құмар

Фото: Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазақстандықтар 2023 жылы маркетплейстер арқылы телефон мен гаджеттер сатып алуға 486 млрд теңге жұмсаған.

Сондай-ақ, тұрмыстық техникаға 205 млрд теңге, компьютерлерге, ноутбуктерге 178,4 млрд теңге, автокөлік тауарларына 140 млрд теңге қаражатын санап берген.

Құрылыс және жөндеу жұмыстарына 85,7 млрд теңге, жиһазға 84,9 млрд теңге кетіріпті. Сондай-ақ, қазақстандықтар маркетплейстерде азық-түлік, үйге және саяжайға арналған тауарлар, косметика, киім, аяқ киім және спорт тауарларын сатып алуға құмар екенін атап өткен жөн.

Жалпы, 2023 жылы бөлшек сауда нарығының көлемі 4,1 трлн теңгені құраған. Бұл — 2022 жылмен салыстырғанда 28% - ға көп. Ол кезде көрсеткіш 3,1 млрд теңгені құраған еді. Сауданың жалпы көлеміндегі электрондық сауданың үлесі 12,7% тең.

Айтпақшы, Kaspi 2023 жылдың қорытындысы бойынша маркетплейстен таза пайданы 63% - ға ұлғайтып, 2022 жылмен салыстырғанда 248 млрд теңге табыс тапқан.