Қазақстандықтар мемлекеттік мерекелерді көбіне отбасымен өткізеді – зерттеу

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтардың басым бөлігі мемлекеттік мерекелерді отбасымен бірге атап өтеді. Мұндай деректі Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі көрсетті.

Фото: freepik

Зерттеу қорытындысына сәйкес, респонденттердің 68%-ы мерекелерді жақындарымен бірге өткізетінін айтқан. Бұл көрсеткіш өңірлерде ерекше жоғары деңгейде тіркелген. Атап айтқанда, Ұлытау облысында – 97%, Батыс Қазақстан облысында – 91,7%, Абай облысында – 89,5%.

Мамандардың пікірінше, бұл мемлекеттік мерекелерді атап өтуде отбасылық дәстүрлердің маңызды рөл атқаратынын аңғартады.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылар бірнеше жауап нұсқасын таңдағанын ескерсек, респонденттердің 48,8%-ы мерекелерді достарымен, әріптестерімен немесе көршілерімен бірге өткізгенді жөн көретінін көрсеткен. Мұндай үрдіс әсіресе Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында жиі байқалған.

Ал концерттерге, фестивальдер мен шерулерге қатысуды қатысушылардың 36,4%-ы таңдаған.

Зерттеу нәтижелері мемлекеттік мерекелердің қазақстандықтар үшін жай ғана демалыс күні емес, жақын адамдар арасындағы байланысты нығайтатын және ортақ құндылықтарды дәріптейтін қоғамдық әрі отбасылық дәстүрге айналғанын көрсетті.

Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік мерекелерді отбасылық форматта атап өту үрдісі күшейіп келеді.

Айта кетейік, бұған дейін ХҚО-лар мамыр айындағы мерекелерге байланысты қалай жұмыс істейтіні хабарланды.