Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, виза рәсімдеу мерзімінің ұзаруы туристік маусымның басталуына байланысты шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге жүгінушілер санының артуымен байланысты болуы мүмкін.
– Біз бұл жағдайды көріп отырмыз және барлық қажетті ақпаратты әріптестерімізге жеткізіп келеміз. Айта кету керек, виза беру әрбір мемлекеттің егемен құқығы. Сондықтан олар өтініштерді өздерінің ұлттық заңнамасы аясында қарайды. Қазіргі уақытта азаматтарымызға құжаттарды алдын ала тапсыруға және олардың виза санатына қойылатын барлық талапқа толық сәйкес болуына мұқият мән беруге кеңес береміз, – деді Ерлан Жетібаев брифинг барысында.
Ол сондай-ақ Қазақстанның Еуропалық одақпен визалық талаптарды жеңілдету және реадмиссия мәселелері бойынша келіссөздерді жалғастырып жатқанын еске салды.
Ресми өкілдің мәліметінше, осы бағыттағы консультациялардың үшінші раунды Брюссель қаласында өтті.
– Жалпы, бұл үдеріс өте жақсы қарқынмен ілгерілеп келеді. Жақын арада бұл бағыттағы жұмыстар туралы толығырақ ақпаратпен бөлісе аламыз деп ойлаймын, – деді Ерлан Жетібаев.
Бұған дейін Қазақстан мен Еуропалық одақ делегациялары визалық талаптарды жеңілдету және реадмиссия туралы келісім жобалары бойынша келіссөздердің кезекті кезеңін табысты өткізгенін жазғанбыз.