«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға бізді арнайы шақырды. Франция командасы құрамында 10 адам бар, ал қазір «Жамбы атуға» 4 адам қатысып жатыр. Жамбы атудан бөлек, біздің спортшылар «Қазақ күресі» мен «Садақ атудан» бақ сынайды. Кеше жамбы ату спортының мажар стилі бойынша 80 спортшының ішінен отандасымыз Рафаэль Малет алғашқы алтын медальді жеңіп алды, мен қола жүлдеге ие болдым. Бүгін жамбы атудан Азия стилі бойынша жарыс өтіп жатыр, әзірге қорытынды нәтиже белгісіз, бірақ, жақсы ойын көрсеттім деп ойлаймын. Жамбы атуды 10 жасымнан бастап ойнаймын, бұл спорт түрі Францияда аса танымал емес, бірақ маған ұнайды», - деді Франциядан келген жамбы атушы Гаэтан Бло.
Оның айтуынша, жамбы атудан Қазақстан, Қытай және Моңғолия командасы – мықты қарсыластар.
«Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Маған ұнағаны қазақстандықтар өте мейірімді, үнемі қол ұшын созуға дайын», - дейді ол.
Сондай-ақ, франциялық қонақ қымыздың дәмін татқанын айтты.