Қазақстандықтар Персеидтер жұлдыз ағыны мен алты планетаны көре алады

АСТАНА. KAZINFORM – 13 тамызға қараған түні Персеидтер метеор ағынының шарықтау шегі болады. Астрономдар сағатына 100-ге дейін «аққан жұлдыз» көрінетінін болжап отыр, деп хабарлайды ТАСС .

Фото: Eric Sanman/Pexels

– Таңсәрі алдында тамашалауға қолайлы бұл метеор ағыны жүріп жатқан бүкіл кезеңде, сондай-ақ Персеидтердің шарықтау шегіне жеткен түні оны Күн жүйесіндегі алты планета – Нептун, Сатурн, Уран, Марс, Меркурий және Юпитер сүйемелдейді, – деп мәлімдеді Мәскеу планетарийі.

Персеидтер шарықтау шегіне жететін түні, яғни 12 тамыз кешінен 13 тамыз таңына дейін планеталар бірінен соң бірі солтүстік-шығыс көкжиектен көріне бастайды.

Сатурн мен Марсты жай көзбен көруге болады. Уран мен Нептун телескоп арқылы байқалады. Ал Меркурий мен Юпитер күн шығардан аз уақыт бұрын пайда болып, солтүстік-шығыс көкжиекте небәрі бір сағаттай көрінеді.

Солтүстік жарты шарда, соның ішінде Қазақстанда Персеидтер әсіресе жақсы байқалады.

Материалды Kazinform агенттігіне ТАСС агенттігі серіктес ретінде арнайы ұсынып отыр.

Бұған дейін Жерде шілде айындағы екінші магниттік дауыл болғанын хабарлаған еді.