Қазақстандықтар шенеуніктердің қосымша табысын қашан көре алады
АСТАНА. KAZINFORM — Биылдан бастап жоғары лауазымды шенеуніктер, депутаттар мен судьялар кірісі мен мүлкі туралы декларацияны ашық жариялауға міндетті. Толығырақ Қаржы министрі Мәди Такиев түсіндіріп берді.
Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері қазақстандықтар шенеуніктер тапсыратын декларациямен қашан және қай жерден таныса алатынын, сондай-ақ кіріс декларациясы қандай мәліметті қамтитынын сұрады.
— Мәселе күн тәртібінде тұр. Декларация 15 қыркүйекке дейін тапсырылады. Жариялау жыл соңына дейін болады. Өткен жылы тіркелген ақпарат жарияланады. Объектілер бойынша кез келген қозғалыс декларацияға енгізіледі. Ол жерде жалақы көрсетілмейді, — деп түсіндірді Қаржы министрі Мәди Такиев.
Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин министрліктердің кадр қызметі, саяси қызметшілердің жылжымайтын мүлік бойынша мәліметтің жариялайтынын айтып отыр.
Айта кетсек, заңнамалық өзгерістерге сәйкес, декларация тапсырудан бірқатар азамат босатылады.