Қызығушылық неден туындады
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде адамның нақты туған уақытын анықтауға қатысты жазбалар кеңінен тарады. Осыдан кейін көпшілік перзентханалар мен архивтерге жүгініп, өзіне қатысты деректерді сұрата бастады. Кейін белгілі болғандай, мұндай белсенділік кездейсоқ емес. Себебі бұл ақпарат натальды карта жасау үшін қажет.
Астролог әрі психолог Мағия Түсібекованың айтуынша, натальды карталарға деген қызығушылықтың артуы тек астрологияның танымал болуымен ғана емес, қоғамның өзін тануға деген сұранысымен де байланысты.
— Астролог әрі көп жылдан бері тәжірибе жинақтаған дипломы, арнайы білімі бар психолог ретінде бұл қызығушылықтың дәл қазір неге күшейгенін және қоғамда неліктен үлкен резонанс тудырғанын түсінемін. Бұл құбылыстың артында белгілі бір психологиялық әрі әлеуметтік үдеріс жатыр. Қазақстанда натальды карталарға қызығушылықтың артуы заңды құбылыс деп есептеймін. Меніңше, бұл жай ғана сәнге айналған әуестік емес, адамның өзін тануға, өз мүмкіндіктерін түсінуге және ішкі бағдарын табуға деген қоғамдық сұраныстың көрінісі, — деді маман.
Оның айтуынша, натальды картаны жасау үшін адамның туған күні мен жері ғана емес, нақты туған уақыты да аса маңызды.
— Кәсіби астрологияда натальды карта — бұл жай ғана зодиак белгісіне негізделген жұлдызнама емес. Ол адамның туған күні, туған жері және дүниеге келген нақты уақыты негізінде жасалатын жеке картасы. Дәл туған уақыт астрологиялық үйлердің орналасуын анықтайды. Бұл өмірдің түрлі салаларын талдауға, адамның мінез-құлқын, қабілеттерін, өмірлік міндеттері мен даму мүмкіндіктерін бағалауға қолданылады. Туған уақыттағы аз ғана қателік картаны түсіндіруге елеулі әсер етіп, жеке талдау мен болжамның дәлдігін төмендетуі мүмкін, — деп түсіндірді Мағия Түсібекова.
Осы себепті натальды картасын мүмкіндігінше нақты жасатқысы келетін адамдар туған уақытын нақтылау үшін перзентханалардың архивтеріне жиі жүгіне бастаған.
— Адамдар жалпы сипаттағы жұлдызнаманың жеке деректерге негізделген талдаудан айырмашылығын түсіне бастады. Өз тәжірибемде соңғы бірнеше жылда туған уақытын архивтер мен перзентханалар арқылы нақтылайтын клиенттердің айтарлықтай көбейгенін байқадым. Бұрын мұндай жағдайлар сирек кездессе, қазір тұрақты үрдіске айналды. Өйткені бастапқы мәліметтердің дәлдігі талдаудың сапасына тікелей әсер ететінін адамдар жақсы түсіне бастады, — деді ол.
Сарапшының пікірінше, мұндай қызығушылықтың артуына бірнеше фактор ықпал еткен.
— Біз қазір экономикалық және әлеуметтік өзгерістер жылдам жүріп жатқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сыртқы орта тұрақсыз бола түскен сайын адам ішкі тірек іздеп, өзін тереңірек түсінуге ұмтылады, — дейді маман.
Оның айтуынша, бүгінде қазақстандықтардың психологияға, коучингке және өзін-өзі дамыту тәжірибелеріне қызығушылығы артып келеді. Көпшілік үшін астрология өзін-өзі талдаудың бір құралына айналған.
— Психология тұрғысынан алғанда, натальды карталарға қызығушылық — белгісіздік деңгейі жоғары кезеңде психиканың табиғи бейімделу реакциясы. Адам мазасыздыққа, тұрақсыздыққа және болашаққа қатысты айқындықтың жоқтығына тап болғанда, өмірдің мәнін, бағдарын және жағдайды бақылауда ұстап отырғандай сезімді іздей бастайды. Көпшілік үшін натальды карта өзін және өз өмірін белгілі бір жүйеге келтіруге көмектесетін құрал ретінде қабылданады, — деп түсіндірді сарапшы.
Оның байқауынша, қазіргі кезде адамдардың көбі астрологтарға болашақты болжау үшін емес, өзін жақсырақ тану мақсатында жүгінеді.
— Өз тәжірибемде адамдардың болашақтағы оқиғалардан бұрын өзінің ерекшеліктерін, күшті тұстарын және ішкі мүмкіндіктерін түсінуге көбірек қызығатынын байқап жүрмін. Менің ойымша, бүгінгі қызығушылықтың негізгі себебі — адамның өзін тереңірек танып, өмірінде болып жатқан оқиғалардың белгілі бір заңдылығын түсінуге деген ұмтылысы. Қысқаша айтқанда, адамдар натальды картаға «Не болады?» деген сұрақтан бұрын «Мен кіммін?» деген сұрақтың жауабын іздеп келеді, — деді ол.
Маманның пікірінше, бұл үрдістің кең таралуына әлеуметтік желілердің де ықпалы зор.
— Қазір астрологияға қатысты контент әлем бойынша миллиондаған қаралым жинап жатыр. Натальды карталар, сәйкестік, өмірлік циклдер мен өзін тану тақырыптарына қызығушылық артып келеді. Бұл да аталған тақырыпқа деген сұранысты күшейтіп отыр, — деді ол.
Психолог Элина Каёхтина да натальды карталар мен басқа да эзотерикалық тәжірибелерге деген қызығушылықтың артуын әлеуметтік және экономикалық тұрақсыздықпен байланыстырады.
— Дағдарыс кезеңінде адамдар көбіне қосымша тірек іздеп, мазасыздықпен күресудің түрлі жолдарын қарастырады. Мұндай құбылыстар тарихта бұрын да болған. Мысалы, 1990-жылдары түрлі дәстүрлі емес тәжірибелер танымал болса, қазір астрология, нумерология және натальды карталарға қызығушылық күшейді. Сонымен қатар кейбір тақырыптар ақпараттық кеңістікте тез таралып, қысқа уақытта трендке айналады, — деді психолог.
Мемлекеттік органдар не дейді
Қазақстанда туу туралы мәліметтер арнайы ақпараттық жүйеде ресми түрде тіркеледі. Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, «Тіркелген халық регистрі» ақпараттық жүйесінде № 041/у нысанындағы медициналық туу туралы куәлік тіркеледі. Онда баланың туған күнімен бірге нақты туған уақыты да көрсетіледі.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай деректерді электронды түрде тіркеу 2012 жылдан бері жүргізіледі және жазбалар мерзімсіз сақталады.
Ал медициналық туу туралы куәліктің қағаз нұсқасы медициналық ұйымда бес жыл бойы сақталады. Бұл мерзім Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы №ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен белгіленген. Кейін құжаттар белгіленген тәртіппен архивке өткізіледі.
Министрлік азаматтың өзі жүгінген жағдайда және заңда көзделген шектеулер болмаса, туған уақыты туралы мәліметті алуға құқығы бар екенін атап өтті.
— Егер медициналық ұйым қайта ұйымдастырылған, таратылған немесе оның архиві басқа мекемеге берілген болса, азаматтарға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың денсаулық сақтау басқармасына жүгіну ұсынылады. Онда архивтік медициналық құжаттардың қайда сақталғаны туралы ақпарат беріледі, — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Ал eGov порталы арқылы мұндай мәліметті әзірге алу мүмкін емес. Себебі туған уақытын беру бойынша мемлекеттік қызмет қарастырылмаған.
Туған уақытын іздеуге деген қызығушылықтың артқанына қарамастан, Қазақстанда бұл мәліметтер ресми түрде сақталады және азаматтарға заңнамада белгіленген тәртіппен берілуі мүмкін. Алайда мұндай ақпаратты әзірге eGov сервисі арқылы алу мүмкіндігі жоқ.
Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың туған уақыты туралы мәліметті алу жөніндегі өтініштері бойынша жеке статистика жүргізілмейтінін хабарлады. Сондықтан бүгінде кеңінен талқыланып жатқан бұл үрдістің нақты ауқымын ресми деректермен растау әзірге мүмкін емес.
Бұған дейін психология неге сұранысқа ие мамандыққа айналғанын жазғанбыз.