Ұлттық банктің мәліметінше, кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және форумдарда алаяқтар инвестициялық компаниялардың атынан жарнама таратып жүр. Олар «токенделген алтынға», «жоғары табысты жасанды интеллект жобаларына» немесе «нейрожелі негізіндегі трейдер-роботтарға» ақша салса, кепілді табысқа кенелетінін айтып, адамдарды алдайды.
— Алаяқтар өздерін қаржылық кеңесші ретінде таныстырып, жалған инвестициялық платформаларға немесе криптовалюта сервистеріне тіркелуді ұсынады. Бұл платформаларда табыс графиктері, мәмілелер тарихы, жеке кабинет және қолдау қызметі сияқты элементтер арқылы шынайы инвестициялық қызметтің көрінісі жасалады. Сенімге кіру үшін олар кей жағдайда аз мөлшердегі «пайданы» шығарып беруге мүмкіндік береді. Кейін «ерекше ұсыныс» немесе «табыстылығы жоғары инвестиция» деген желеумен ірі көлемде ақша салуға үгіттейді. Пайдаланушының шотындағы қаражат көбейген кезде ақшаны шешіп алу мүмкін болмай қалады. Осыдан кейін алаяқтар салық, комиссия немесе сақтандыру төлемдерін талап етеді, — делінген хабарламада.
Ұлттық банк сондай-ақ алаяқтардың мөрі, қолы және өзге де деректемелері бар жалған құжаттарды пайдаланып, әрекеттеріне заңдылық сипат беруге тырысатынын ескертті. Қосымша төлемдерді алған соң олар байланысқа шықпай, пайдаланушының аккаунтын бұғаттайды.
Осыған байланысты Ұлттық банк қызметкерлері ешқашан аудио немесе бейнеқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, инвестиция салуды ұсынбайтынын және халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске салды.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық антифрод орталығы 68 млрд теңге көлеміндегі алаяқтықтың алдын алғанын хабарлаған едік.