Сенім деңгейі бойынша көш басында Мемлекет басшысы тұр. Сауалнамаға қатысқандардың 61,3%-ы Президентке сенім білдірген. Бұл – биліктің барлық тармағы арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Қазақстан Үкіметіне респонденттердің 47,4%-ы сенім білдірсе, жергілікті әкімдіктерге – 50,2%, Парламентке – 40,5%, құқық қорғау органдарына – 46,8%, соттарға – 43,7% сенім артқан.
Барлық институт бойынша сенім білдірушілер саны сын көзбен қарайтын азаматтардан едәуір көп болған.
Сонымен қатар қазақстандықтардың 72,4%-ы ел дұрыс бағытта дамып келеді деп санайды: олардың 44,6%-ы «дұрыс бағытта» деген жауапты сенімді түрде таңдаса, тағы 27,8%-ы «көбіне дұрыс бағытта» деген пікір білдірген. Бұл сыни көзқараспен қарайтындардың үлесінен шамамен үш жарым есе көп.
Билік жариялаған «Әділетті Қазақстан» бағыты да айтарлықтай қолдауға ие болды: сауалнамаға қатысқандардың 55,6%-ы бұл ұран нақты іс-әрекетпен сәйкес келеді деп есептейді.
Сауалнама елдің барлық өңірінде, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және барлық облыста жүргізілді. Қатысушылардың 65,8%-ы сауалға қазақ тілінде жауап беруді таңдаған.