Қазақстандықтардың 9,3 миллиард теңге айыппұлы мен өсімпұлы кешірілді

АСТАНА. KAZINFORM– Елімізде 19 мың шағын және микробизнес субъектісінің 9,3 миллиард теңге айыппұлы мен өсімпұлы кешірілді.

Фото: Pexels

Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, бұл шара кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Таза парақ» бастамасы аясында іске асқан.

Сондай-ақ жыл басынан бері бұрын тіркеу есебінде тұрмаған 546 мыңға жуық жеке тұлға заңдастырылды.

— Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса алғанда, кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,9 миллионға жетті, — деді вице-министр.

Сонымен қатар ҚҚС төлеушілер саны 22,3 мыңға көбейіп, 158,2 мың болған.

— Бұл салық реформасының экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етіп отырғанын көрсетеді, — деді Ержан Біржанов.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов республикалық бюджет кірісі 24,6% өскенін айтты.