Қазақстандықтардың қарызын коллекторларға сатуға 2026 жылға дейін мораторий енгізілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.
Бұл құжат 6-ші наурызда Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды.
Заңның негізгі мақсаты - азаматтардың шамадан тыс кредит алу тәуекелдерін азайту және олардың проблемалық берешегін реттеу жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау.
Құжатты талқылау кезінде депутаттар мына мәселелерге қатысты түзетулер енгізді:
- ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және ҚР Ұлттық банкінің бірлескен нормативтік-құқықтық актісімен банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін айқындау;
- 2026 жылға дейін азаматтардың банк несиелері мен микрокредиттер бойынша қарыздарын коллекторлық агенттіктерге сатуға мораторий енгізу;
- банк омбудсменіне тек банктік қарыздар бойынша дауларды қарау жөніндегі өкілеттіктерді бекіту және жеке тұлғалардың микрокредиттері бойынша дауларды қарау бойынша құзырет бере отырып, микроқаржы омбудсмені институтын енгізу ескерілген.
Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, жылу беру маусымында жалғыз тұрғын үйінен шығарып тастауға жол берілмейтін адамдардың тізбесіне бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар тұратын отбасыларды қосуға қатысты норма енгізілді.
«Банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға жұбайының келісімінсіз жеке тұлғаға банктік қарыз беруге тыйым салу көзделген. Бұл ретте, келісімді талап ететін банктік қарыздың тәртібі және ең төменгі сомасы уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде айқындалады», - депутат.
Оның сөзіне қарағанда, әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызметті өткерудің барлық кезеңінде банктік қарыз немесе микрокредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру процесін автоматтандыру қарастырылған.
«Заң 1 кодекс пен 15 заңға түзетулер мен толықтырулар енгізуді қамтиды. Жұмыс тобының 19 отырысы мен Мәжіліс комитетінің 3 отырысы өткізілді. Бұл заң жалпы халықтың шамадан тыс кредит алуына байланысты жағдайды түбегейлі өзгертуге және қаржы жүйесі үшін тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған», - деді Берік Бейсенғалиев.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінше, тоқсан күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге, сондай-ақ тоқсан күннен астам мерзімі өткен қазіргі кредиттеріне сыйақы есептеуге тыйым салынады.
Мерзімі өткен берешекті реттеу бойынша қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін төлем мерзімін өткізіп алған кезден бастап 24 айға дейін жеке тұлғалардың талап ету құқықтарын коллекторлық агенттіктерге беруге шектеу енгізіледі және берешекті реттеудің кемінде бір рәсімін міндетті түрде жүргізгеннен кейін ғана беруге рұқсат етіледі.
Берешекті реттеу және оның өсуін болғызбау үшін тұтынушылық кредит ұғымы және оның шекті мәнін уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісі деңгейінде белгілеу енгізіледі.
Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйінен шығаруға тыйым салынады.
Бұдан басқа, заң жобасында кредиттер бойынша берешекті өндіріп алу процесінде қарыз алушының банктік шотында сақталатын ақша сомасы ең төмен күнкөріс деңгейінің бір еселенген мөлшерінен екі еселенген мөлшеріне дейін ұлғаяды.