Қазақстандықтардың кредит төлеуі жеңілдей ме — жаңа ереже
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк алдындағы қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізді. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Жобада әртүрлі кредиторда екі және одан да көп тұтынушылық кепілсіз кредиті бар азаматтар үшін мерзімі өткен берешекті қайта қарау тетігін енгізу көзделген.
— Әртүрлі кредиторда бірнеше мерзімі өткен кепілсіз кредиті бар азаматтардың қарыз жүктемесін жеңілдету мақсатында, берешекті біріктіру және ұзағырақ әрі икемді төлем кестесі арқылы ұжымдық қайта құрылымдау тетігі енгізіледі. Бұл борышкер азаматтардың қаржылық жағдайын жақсартуға және қаржылық тұрақтылық деңгейін арттыруға ықпал етеді, — делінген құжатта.
Айта кетсек, Қазақстан экономикасындағы кредиттің 54%-ы халықтың мойнында.
Биыл мамырда Сенат азаматтардың борыштық жүктемесін азайтатын заңды талқылады.