Халықаралық өлшемдер бойынша өмір сүру жасының ұзақтығы елдегі өмір сүру сапасының, әсіресе медициналық қызмет сапасының жоғары екенін көрсетеді. Мұндай оң динамиканың экономикадағы ізі біржақты жағымды деп айтуға келмейді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының актуарлық есептерінде жыл өткен сайын елде зейнет жасындағы адамдардың саны артып, жүйеге түсетін жүктеме ауырлайтыны айтылған.
БЖЗҚ болжамына сүйенсек, 2050 жылға қарай қордан зейнетақы төлемін алушылар саны 520 мыңнан 2 миллионға дейін өсуі мүмкін. Зейнеткерлер көбейген сайын қордың төлемі де артады.
Болашақ зейнетақы қанша болады?
Зейнетақының жеткіліктілігін бағалаудың ең түсінікті жолы – қазіргі жалақының неше пайызын алмастыратынын есептеу. БЖЗҚ-ның актуарлық есебінде 2024 жылы 22 жасында еңбек жолын бастаған, 2065 жылы зейнетке шығатын шартты қызметкердің төлемі болжанған. Жұмыс берушінің міндетті 5% жарнасы ескерілген жағдайда, базалық және жинақтаушы зейнетақының жиынтық мөлшері ерлер үшін еңбек табысының 55%-ына, әйелдер үшін 47,7%-ына жетуі мүмкін. Бұл – жарналар үздіксіз аударылып тұрды деген болжаммен есептелген сан. Нақты төлем адамның еңбек өтіліне, жарнасына және жинақтың инвестициялық табысына байланысты болады.
Қазақстанда 2025 жылғы орташа жалақы 443 315 теңге болды. Осы сомамен салыстырғанда, 55% – 243 823 теңге, ал 47,7% – 211 462 теңге. Бұл – бүгінгі жалақыға шаққандағы балама, болашақта қолға тиетін нақты сома емес. Басқаша айтсақ, болашақ зейнетақының сатып алу құнын қазіргі өлшемдермен көрсететін шама.
Халықаралық салыстыруда да жалақыны алмастыру коэффициенті қолданылады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) 2025 жылғы есебінде толық еңбек жолын орташа жалақымен өткізген адамға міндетті зейнетақы жүйелерінен төленетін болашақ зейнетақы ерлер үшін орта есеппен 52%, әйелдер үшін 51,4% болады деп болжанған.
Ынтымақты зейнетақының рөлі азаяды
Қазақстанның зейнетақы жүйесінде базалық және ынтымақты зейнетақы мемлекет есебінен төленеді, ал жинақтаушы бөлігі БЖЗҚ-дағы қаражатқа байланысты. Алайда болашақ зейнеткерлердің бәрі бірдей ынтымақты зейнетақы ала алмайды.
Бұл төлем 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде алты ай еңбек өтілі болған азаматтарға тағайындалады. Еңбек жолын кейін бастаған буынның сол кезеңге дейін еңбек өтілі жоқ, сондықтан ынтымақты зейнетақы алмайды. Олардың зейнетақысы базалық төлем мен жеке жинаққа көбірек тәуелді болады.
БЖЗҚ болжамынша, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының 60 жастан асқан бөлігі 18,8%-ға жетуі мүмкін. Сол кезде қордан төлем алушылар саны 2 миллионға дейін өсуі ықтимал. Бұл қордың болашақтағы төлем жүктемесін арттырады. Ал ынтымақты зейнетақы төлеу міндеті жаңа буынға қатысты сақталмайтындықтан, мемлекетке түсетін салмақ сәл де болса жеңілдейді.
280 мың марқұмның 45,8 млрд теңге жинағы талап етілмеген
БЖЗҚ-ның Kazinform сауалына берген жауабына сәйкес, 2025 жылдың тамызында қорда міндетті зейнетақы жарналары есебінен жинағы болған, бірақ қайтыс болған және қаражатын мұрагерлері талап етпеген шамамен 280 мың салымшы тіркелген. Олардың шоттарындағы ақша 45,8 млрд теңгеге жуық болған.
Бұл – зейнетақы жүйесінің тағы бір қыры. Адам өмір бойы жарна аударғанымен, жинағының бәрін өзі пайдаланып үлгермеуі мүмкін. Қайтыс болған салымшының шотындағы қаражат мұраға беріледі. Егер заңды мұрагері анықталмаса, сот шешімімен иесіз мүлік деп танылып, коммуналдық меншікке өтуі мүмкін.
БЖЗҚ мәліметінше, 2019-2024 жылдары 330 салымшының шамамен 36 млн теңгесі сот шешімімен иесіз мүлік ретінде танылып, коммуналдық меншікке өткен.
Қазіргі зейнеткерлер қанша алады?
2025 жылдың соңында Қазақстанда 2 млн 491 мың зейнеткер болды. Бір жыл ішінде зейнетақы төлеуге республикалық бюджеттен 4 трлн 225 млрд теңге жұмсалды. Оның 1 трлн 368,4 млрд теңгесі базалық, 2 трлн 856,6 млрд теңгесі ынтымақты зейнетақыға бағытталды.
Орташа жиынтық зейнетақы 143 143 теңге болды: оның 95 549 теңгесі – ынтымақты, 47 594 теңгесі – базалық төлем. Бұл соманы 2025 жылғы орташа жалақымен салыстырғанда, зейнетақы жалақының шамамен 32,3%-ына тең болып шығады.
Бірақ бұл көрсеткішті болашақ зейнетақының үлгілік есебімен тікелей салыстыруға болмайды. Қазіргі зейнеткерлердің арасында 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар адамдар көп, ал болашақта зейнетке шығатын буынның табысы жинақтаушы жүйеге көбірек тәуелді болады.
Зейнетақы күнделікті шығынға жете ме?
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2025 жылы халықтың жан басына шаққандағы орташа ақшалай шығыны жылына 1 292 914 теңге, айына шамамен 107,7 мың теңге болған. Оның 52%-ы азық-түлікке, 20,8%-ы азық-түлікке жатпайтын тауарларға, 18,6%-ы ақылы қызметтерге жұмсалған.
Есеппен бір адам айына шамамен 56 мың теңгені азық-түлікке, 22,4 мың теңгені басқа тауарларға, 20 мың теңгені ақылы қызметтерге жұмсаған. Алайда бұған қарап зейнеткерлердің нақты шығынын есептеу мүмкін емес. Өйткені адам қартайған сайын дәрі-дәрмекке жұмсайтын шығыны көбейіп, ойын-сауыққа, білім алуға, дамуға жұмысайтын шығысы азая түседі.
Ашық статистикада зейнеткерлердің азық-түлікке, коммуналдық қызметке, дәрі-дәрмекке және тұрғын үйге жұмсайтын қаражатын бөлек көрсететін жеке мәлімет жоқ.
Халықаралық өлшемдер
Mercer және CFA Institute халықаралық ұйымдары бірлесіп әзірлеген жаһандық зейнетақы индексінде Қазақстанның зейнетақы жүйесі 2025 жылы 52 елдің арасында 26-орын алды. Жалпы көрсеткіш – 65 балл. Оның ішінде зейнетақының жеткіліктілігі 47 балл, ұзақ мерзімді тұрақтылығы 74,2 балл, басқару мен сенімділік көрсеткіші 81,1 балл болды.
Өмір сүру ұзақтығы Қазақстанға жақын Әзербайжанда 2025 жылғы шілдеде орташа айлық зейнетақы 538,1 манат болған. Бұл елдегі орташа жалақының 49%-ына тең. 1 долларды 1,7 манат деп есептегенде, Әзербайжандағы орташа зейнетақы шамамен 317 доллар болады.