Қазақстандықтардың шетелде қиындыққа тап болуы жиіледі – СІМ үндеу жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы кездері Қазақстан азаматтарының шетелде иммиграциялық, визалық, транзиттік және кедендік талаптарды орындамау немесе білмеу салдарынан қиындыққа тап болу жағдайлары көбейген. ҚР Сыртқы істер министрлігі шетелге шығатын қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

ҚР СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев қажетті визалар мен құжаттардың болмауына байланысты ұшаққа отырғызудан бас тарту, болу мерзімдерін бұзу, тыйым салынған немесе декларацияланбаған тауарларды тасымалдау әрекеттері және шетелде транзиттік және болу ережелерін сақтамау жағдайлары тіркелгенін айтты.

– Осыған байланысты азаматтарға баратын елдің, сондай-ақ транзиттік елдердің заңдарын, визалық және иммиграциялық талаптарын мұқият қарап шығуды ұсынамыз. Төлқұжаттардың, визалардың, тұруға рұқсаттардың және басқа да құжаттардың жарамдылық мерзімдеріне ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ медициналық сақтандыру сатып алуды, әуе билеттерін тек ресми қызметтер арқылы сатып алуды, әуе багажы мен транзит талаптарын сақтауды, құжаттарыңызды үшінші тұлғалармен бөліспеуді және басқа адамдардың сөмкелерін, сәлемдемелерін немесе басқа да пакеттерін тасымалдамауды ұсынамыз, – деді Е. Жетібаев елордада өткен брифингте.

Жұмысқа, оқуға немесе ем алуға шетелге шығатын азаматтар барлық қажетті құжаттардың, шақырулардың, еңбек шарттарының және рұқсаттардың заңды түрде алынғанына алдын ала көз жеткізуі керек.

– Қазақстанның дипломатиялық және консулдық мекемелері азаматтарға өз құзыреті шегінде қажетті консулдық және құқықтық көмек көрсетеді. Дегенмен, азаматтар баратын елдің заңдарын сақтауға және белгіленген талаптарды орындауға өздері толық жауапты. Оларды шетелге сапарларын жауапкершілікпен жоспарлауға және шетел мемлекеттерінің заңдарын қатаң сақтауға шақырамыз, – деді ресми өкіл.

Еске сала кетсек, БАӘ-де өмір бойына сотталған қазақстандықты елге қайтару мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ Германияда Қазақстан азаматы заңға қайшы әрекеті үшін ұсталды.