Тиісті бұйрыққа Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев 2026 жылғы 10 маусымда қол қойды.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматының цифрлық кеңістігі мынадай негізгі талаптарға сай болуы тиіс:
• азаматтың цифрлық кеңістігінде орналастырылған ақпараттың болуы мен өзектілігін қарау мүмкіндігі;
• пайдаланушының мемлекеттік қызметтерді алу тарихы журналына қол жеткізу;
• операциялардың мәртебесі мен маңызды оқиғалар туралы push-хабарламалар, SMS және (немесе) электрондық пошта арқылы міндетті түрде хабарландыру;
• цифрлық кеңістіктегі хабарландырулар мен қауіпсіздік параметрлерін басқару мүмкіндігі;
• электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) ашық кілт сертификатын кері қайтарып алу функциясын пайдалану мүмкіндігі.
Аталған бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізудің жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.