Қазақстандықтардың жартысынан көбі мемлекеттік мерекелерді рәміздермен байланыстырады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтардың басым бөлігі мемлекеттік мерекелерді елдің басты мемлекеттік рәміздерімен байланыстырады. Мұндай қорытынды Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде белгілі болды.

Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

«Мемлекеттік мерекелер символдық саясаттың құралы ретінде» тақырыбындағы зерттеуге еліміздің әр өңірінен 3 мың адам қатысқан.

Зерттеу нәтижесі бойынша респонденттердің 51,2%-ы мемлекеттік мерекелерді ең алдымен Мемлекеттік Ту мен Елтаңбамен байланыстырса, 44,1%-ы Мемлекеттік Әнұранды атаған.

– Мемлекеттік рәміздердің рейтингте үлкен басымдықпен көш бастауы қазақстандықтардың мемлекеттік мерекелерді жай демалыс күні ретінде емес, егемендік пен ұлттық бірліктің белгісі ретінде қабылдайтынын көрсетеді, – делінген зерттеу қорытындысында.

Сауалнама барысында ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастар да анықталған. Азаматтардың 38,1%-ы мемлекеттік мерекелерді ұлттық киіммен байланыстырса, 22%-ы тарихи тұлғаларды атаған.

Зерттеу авторларының пікірінше, бұл қоғамның мерекелерді мәдени кодты сақтаудың, тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың маңызды құралы ретінде қабылдайтынын аңғартады.

Мерекелердің сыртқы атрибуттары ретінде қатысушылардың 24,3%-ы бұқаралық серуендер мен концерттерді, 23,8%-ы ұлттық тағамдарды, ал 17,1%-ы отшашуларды атаған.

– Қоғам форма мен мазмұнды нақты ажырата біледі. Концерттер мен мерекелік іс-шаралар маңызды болғанымен, олар мемлекеттік рәміздер мен патриоттық құндылықтардан кейінгі орында тұр, – деп атап өтті зерттеу авторлары.

Ал рейтингтің соңғы орындарында сыйлықтар мен құттықтаулар (7,7%), сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми мерекелік безендірулер (4,1%) орналасқан.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, мемлекеттік мерекелер қазақстандық қоғамды біріктіретін және патриотизмді нығайтатын маңызды құрал ретінде өз рөлін сақтап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік рәміздердің тарихы, мән-маңызы мен қолдану ережелері туралы жаздық.