Әуе компаниясының мәліметінше, жаңа талаптарға байланысты иммиграциялық бақылаудан өту кезінде құжаттарды тексеру рәсімі бұрынғыдан ұзағырақ уақыт алуы мүмкін.
– Қытайға баратын немесе елден ұшып шығатын жолаушыларға сапарға қажетті құжаттардың, соның ішінде паспорттың бар-жоғын және жарамдылық мерзімін алдын ала тексеруді, сондай-ақ ҚХР-ға кіру мен шығудың қолданыстағы талаптарымен танысуды ұсынамыз. Паспорттық және иммиграциялық бақылаудан өтуге қосымша уақыт қарастырып, әуежайға ұшуға кемінде 3 сағат қалғанда келген жөн, – делінген FlyArystan Info хабарламасында.
Қытайдың жаңартылған «Кіру мен шығуды басқару туралы ережесін» ҚХР Мемлекеттік кеңесі биыл 31 шілдеде қабылдаған.
Құжаттағы өзгерістер иммиграциялық бақылауды ретке келтіруге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Жаңа талаптарға сәйкес, виза рәсімдеу кезінде немесе шекаралық бақылаудан өту барысында жалған мәлімет ұсынған шетелдік азаматтарға Қытайға кіруге 1 жылдан 5 жылға дейін тыйым салынуы мүмкін.
Айта кетейік, Қырғызстанға жанар-жағармай жеткізетін қытайлық жүргізушілердің кіру тәртібі жеңілдетілді.