***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында болып, өңірдегі жетістіктермен танысып, бірқатар жаңа нысандардың салыну рәсіміне қатысқан болатын. Елбасының осы сапары жайындағы «Өміршең істер өркені» атты көлемді мақаланы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санынан оқи аласыздар.
Сонымен қатар осы газет қыркүйектің 8-інде Американың ықпалды басылымдарының бірі «Вашингтон таймс» газетінде жарық көрген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жас өскін демократиялардың әлеуметі» атты мақаласының аудармасын жариялады. Мақалада «Бостандық пен бейбіт дамудың, демократияның ортақ құндылықтарын бөлісу бір-біріне жақсы қолдау білдіруге жәрдемдеседі. Нақ сондықтан да бүкіл адамзатты тітіренткен 11 қыркүйектегі лаңкестік әрекеттен кейін халықаралық лаңкесшілдікке қарсы күресте Қазақстан АҚШ-пен иық түйістіре әрекет етіп, бүгінде Ауғанстанды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігерге өте қажетті көмек көрсетуін жалғастырып келеді», делінген.
Ағымдағы жылғы тамыздың 27-сінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңдегі Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай елімізде құқықтық дамудың жаңа кезеңі басталады. Атаулы кезеңге байланысты жазылған ҚР Жоғары соты кеңесінің төрағасы Оңалсын Жұмабековтің «Тұғыры биік тұжырымдама» атты мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған.
***
Мемлекет басшысының Ақтөбе облысына жұмыс сапарына «Айқын» газеті де назар аударып, «Ақтөбенің басты қонағы - Назарбаев» деген тақырыппен көлемді мақала берген. «Елбасының бұл сапары облыс экономикасының қарқынды дамуымен және индустриялдық-инвестициялық жобалардың, «Жол картасының» нәтижелі жүзеге асырылуымен, сонымен қатар аймақтың рухани және әлеуметтік саласының дамуымен байланысты», -дейді басылым тілшісі.
Осы басылымның бүгінгі санындағы «Ақ сөйле!» айдарында ислам ойшылы, әлемдік ағартушы Фетхуллаһ Гүленмен арадағы сұхбат «Қазақстанды көру - мен үшін үлкен қасіретке айналған сағыныш» деген тақырыппен жарияланған.
«Президенттің бастамаларын уақтылы және сапалы түрде жүзеге асыру керек». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарық көрген мақалада кеше сенаторлардың үшінші сессияның бірінші жалпы отырысында бас қосқандығы айтылған. «Айтпақшы, өз креслоларына жайғасқан Сенат депутаттары да жаңа сессиядағы жұмысты Мәжілістегі әріптестеріндей, сайлау рәсімінен бастады. Содан кейін бағалау қызметі мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы өзгертетін заң жобасын қолға алған сенаторлар оны «шикі» деп тауып, «қып-қызыл» қылып, қатесін шығарып, мәжіліске қайтарып тастады», - деп жазады басылым.
***
Кеше, қыркүйектің 10-ында жарық көрген «Жас алаш» газетінде «Мал шаруашылығы бізге керек пе?» деген тақырыппен мақала басылды. «Кезінде үкімет басындағы Ә.Қажыгелдин: «Бізге шығыны мол мал шаруашылығының керегі жоқ, қажетті етті, сүтті, тіпті жүнді де шетелдерден арзан бағаға әкеле аламыз», - деп мал шаруашылығын 2-3 жылда күйретіп тынған еді. Содан бері 15 жыл өтті. Бірақ, бұл сала елімізде қарқынды дамымай келеді», дейді мақала авторы.
***
«Ел президенті бейсенбі күні ресми сапармен Ақтөбеге келді. Нұрсұлтан Назарбаев Бірлік пен келісім сулы-жасыл гүлзарын ашып, ферроқорытпа зауытында болды», - деп жазады «Экспресс К» газеті.
Мемлекет басшысының Ақтөбе облысындағы сапарына «Литер», «Известия-Казахстан», « Казахстанская правда» газеттері де назар аударып, көлемді мақалалар берген.
«2010 жылдан бастап Мемлекет басшысы мен Үкімет актілері жобаларына, ал 2011 жылдан бастап орталық және жергілікті мемлекеттік органдар актілері жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама басталады. Бұл туралы бейсенбі күні өткен Сенаттың бірінші жалпы отырысында белгілі болды», - делінген «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген мақалада.
«Сенаторлар шахтерлерге төленетін өтемақылардың көлемін және оффшорлық аумақтардағы барлық келісім-шарттардың есептілігін қайта қарауды талап етуде», - деп жазады «Литер» газеті. Бұл турасында басылымның бүгінгі санынан егжей-тегжейлі білуге болады.
«Футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы сырт алаңда Андорраны ұтса, қазақстандық жастар құрамасы өз алаңында израилдіктерге есе жіберді». Футболдағы ұтыс пен ұтылыс, жалпы спорт жаңалықтарын «Известия Казахстан» газетіндегі материалдардан оқыңыздар.