АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Томирис Нұржан Барселонада өткен Open Banc Sabadell U-14 Champion турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, 14 жасар қазақстандық теннисші финалда жергілікті ойыншыны 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Чемпионға сыйлықты Каталония мэрі тапсырып, оның жеңіске деген жігерін атап өтіп, жас қазақстандықты қолдауға дайын екендігін жеткізді.
Осы жеңісінің арқасында Томирис сегіз үздік теннисшімен бірге сәуір айында Барселонада өтетін жарыста өнер көрсетеді. Бұл дода ATP 500 турнирімен қатар өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі орындары анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Әбу-Дабиде негізгі жарысқа жолдама алды.
Фото - Қазақстан теннис федерациясы
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).