Бұл қызметтің артықшылығын Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Атырау, Өскемен, Есік және Балқаш қалаларының тұрғындары бағалап үлгерді.
Бұл туралы ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Аталған қызметті пайдаланушылардың айтуына қарағанда, бұл қызметтің ең ұтымды тұсы сол - Қазақстан Республикасының азаматтары басқа елде, басқа қалада жүріп-ақ некеге тұру туралы өтініш бере алады. Ал, бір қалада өмір сүріп жатқан болашақ жас жұбайлар некеге тұру туралы өтінішті электрондық нұсқада беру арқылы өз уақыттарын үнемдейді.
«Электрондық үкімет» порталы арқылы некені тіркеуге өтініш беру өте оңай. Ол үшін электрондық өтінім беруші азаматтың екеуі де www.egov.kz порталында тіркелуі тиіс және оларда ЭСҚ (электрондық сандық қолтаңба) болуы керек. Бұл жерде айтып өту керек, аталған қызмет түрін бұрын некеде болмаған және балалары жоқ азаматтар ғана пайдалана алады. Ал, некені тіркеу қызметі үшін салынатын мемлекеттік баж (бір айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі) салығын электрондық өтінімді беру кезінде төлем кәртішкасының көмегімен порталда төлеуге болады. Электрондық өтінім мен өтінім берушілер туралы мәліметтердің нақтылығын тексеру аяқталған соң, жұп некелерінің тіркелетін күні мен орны туралы хабарлама алады.
Естеріңізге сала кетейік, «электрондық үкімет» порталы арқылы некеге тұруға өтінім берген алғашқы елу жұп бірегей той сыйлығы- отандық эстрада және телевизия жұлдыздарының атаулы құттықтауына ие болады.