Қазақстандық 5 жас теннисші Еуропадағы турнирлердің финалына шықты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық жас теннисшілер Аружан Сағындықова, Линара Бөлешева, Ева Корышева, Роберт Каминский және Родион Трайгель Еуропадағы турнирлердің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Аружан Сағындықова Германияда 18 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы ITF жарысының жартылай финалында Италия жастар құрамасының көшбасшысы Федерика Ургессиді 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Аружан сенбі күні финалда доданың бірінші ракеткасы, аргентиналық Лучиано Майонамен шеберлік байқасады.

Армения астанасы Ереванда 12 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы Tennis Europe турнирінде қазақстандықтар алдына жан салмады. Жұптық сында қазақстандықтар Роберт Каминский мен Гиорги Брегвадзе финалда отандастары Александр Софрыгин – Диас Төлепбергеновті жеңді – 6:3, 6:4. Жекелей сында да қазақстандықтар Роберт Каминский мен Родион Трайгель финалда өзара кездеседі. Сондай-ақ қыздар арасында Линара Бөлешева финалға шықты.

Грузиядағы 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы Tennis Europe додасында Ева Корышева жартылай финалда осы турнирдің екінші ракеткасы, румыниялық Ева Тищенконы жолдан тайдырды – 6:4, 6:4.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.