Оқыс оқиға салдарынан Қазақстанның 6 азаматы зардап шекті. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Республикалық дағдарыс орталығы» Мемлекеттік мекемесінің бастығы Марат Құндақбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық бастығының айтуынша, Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінен кеше келіп түскен ақпаратқа сәйкес Ауғанстандағы Хайратон қаласының мұнай қоймасы аумағында тез тұтанатын материалдарды бір ыдыстан екіншісіне құю барысында өрт шығып, соның салдарынан осы аймақта кәсіпкерлікпен айналысып жүрген 6 қазақстандық азамат зардап шеккен.
Оның үшеуі - Оңтүстік Қазақстан, біреуі Алматы облысының және екі азамат Алматы қаласының тұрғындары.
«Ауғанстан аумағында білікті медициналық мамандардың болмауы себепті, ауғанстандық жақ медициналық жәрдемді көрші ел - Өзбекстаннан сұрады. Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының мемлекеттік органдары бұған дереу жауап беріп, зардап шеккендер Термез қаласы Республикалық жедел медициналық көмек орталығының Сурхандария облыстық филиалына жеткізілді», - деп атап өтті ол.
Қазақстандық азаматтардың үшеуінің денесінің 80-100 пайыз бөлігін күйік шалған, олардың денсаулық жағдайы аса ауыр деп бағалануда. Қалған үш азаматтың денесі 30-50 пайызға күйген. Жағдайлары ауыр.
«Бүгінде барлық зардап шеккендерге кәсіби медициналық көмектер көрсетіліп жатыр. ҚР ТЖМ ақпаратты алысымен шұғыл-әрекет тобын, тиісті медициналық препараттармен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген апаттық медицина орталығының дәрігерлерін даярлыққа келтірді. Сондай-ақ зардап шеккендердің денсаулығығвы жараса, оларды елге тасымалдау үшін ұшақтар дайындалуда», - деді М.Құндақбаев.
Зардап шеккендердің туыстары хабардар етілді. Оқиғаның мән-жағдайы анықталып жатыр.