Қазақстандық абитуриенттер ЖОО-ға түсу үшін екі емтихан тапсыруы мүмкін

АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес,

2015 жылға қарай мектептен кейінгі емтиханды бір бөлек, ал жоғары оқу орнына түсу сынағы бөлек тапсырылады. Осыған орай ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы емтихан тапсырудың жаңа жүйесін ұсынып отыр.

«Осы мәселе бойынша біз жұмысты бастап та кеттік. Мәселен, биыл ақпан айында халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен семинарда біз жоғары оқу орнына түсу емтиханын екіге бөліп өткізуді ұсындық. Оның біріншісі - жалпы тест. Онда Елбасының бүгінгі көтеріп жүрген мәселелері ескеріліп, математика және мәтінді оқып түсіну сұрақтары бар. Ол арқылы талапкерлердің функционалды сауаттылығы тексеріледі. Оған мемлекет негіздері мен мемлекеттік тілге қатысты сауалдарды да қосуға әбден болады. Демек, тесттің бұл түрі тек бір пәннің аясында ғана қалмай, жалпы білім беру негіздерін қамтиды. Негізгі мақсат - тест тапсырушының ой қабілетін тексеру. Екінші тест ол - бейіндік пәндер. Мәселен, медицина мамандығына түсетін түлектер химия мен биология пәндері бойынша тест тапсырады. Әрине, әзірше бұл тек ұсыныс қана. Дейтұрғанмен, біз ол тесттердің нұсқасын даярлап, мектеп оқушылар арасында тексеріп те көрдік. Келесі жылы ауқымды тәжірибе өткізетін шығармыз», - дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев.