Меморандумның мақсаты - аграрлық ғылым мен ауыл шаруашылығы өндірісін өркендету, өсімдіктердің түсімділігін және топырақтың құнарлылығын арттыру, өсімдіктердің генетикалық ресурстарын байытып сақтау, қоршаған ортаны қорғау, кадрлар даярлауды жақсарта түсу, халықаралық ынтымақтастықты және инновациялық-технологиялық дамытуды күшейту.
Меморандум Қазақстандағы қолданбалы зерттеулердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпалын тигізбек.
«АӨК саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер» атты нысаналы бағдарлама шеңберінде «Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің генетикалық әлеуетін арттыру және ҚР әртүрлі агроэкологиялық аймақтарына арналған агротехнологияларды жетілдіру» басым бағыты бойынша қазақстандық ғалымдардың СИММИТ-пен бірлесіп жүргізетін зерттеулерінің көлемі 2013 жылы 30 млн. теңгеге жетпек және одан әрі де бұл көлем кеңейтіле беретін болады. «Мексика-Қазақстан бидай селекциясы» және «Бидайды жақсарту жөніндегі Қазақстан-Сібір желісі (ҚАЗСІБІР)» бағдарламалары осы жоба шеңберінде іске асырыла бастады. Бидайдың жаңа сорттарын шығарып, көбейту және сынақтан өткізу үшін СИММИТ «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамының ғылыми мекемелеріне бидайдың селекциялық материалдарын береді. Олардың қатысуымен шаруашылық және биологиялық тұрғыдан бидайды аса құнды 37 сипаты бойынша зерделеу үшін ҚАЗСІБІР бидай көшеттіктері жасалып, Кенияда қазақстандық сорттардың бидай сабағындағы таттану ауруына төзімділігі бойынша баға берілді.
«ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамы СИММИТ-пен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсуге мейлінше ынталы болып отыр. Бүгінгі таңда Халықаралық жүгері мен бидайды жақсарту орталығы әлемнің 100-ден астам елдеріндегі әріптестерімен бірлесіп, азық-түліктік қауіпсіздікті жақсарту, бидай мен жүгерінің түсімділігі мен пайдалылығын арттыру үшін ғылымның әртүрлі салаларында жұмыс істеуде. Білікті мамандар даярлау, әлемдік тәжірибе жетістіктерін, ауыл шаруашылығы дақылдарының аса бай ген қорын, оларды жақсартудың қазіргі заманға лайық әдістерін, ең озық технологияларды елімізде енгізу міндеттерін атқара отырып, СИММИТ әлемдік ғылыми жүйеге Қазақстанның ықпалдасуына өз көмегін тигізетін болады.