«Егер тарихқа үңілсек, 1990 жылы Қазақстанда шамамен 230 мың трактор болған еді. Тракторлардың саны одан бері 80 мыңға кеміп, бүгінгі күні 150 мың дананы ғана құрап отыр. Осы 150 мыңның 120 мыңы ескіріп кетті. Демек, тракторлардың 30 мыңы ғана қолдануға жарамды деп айтуға болады. Меніңше, Қазақстандағы шаруаларға шамамен 200 мың трактор керек. Ал оны сатып алу үшін кім ақша береді? Біздің шаруа қожалықтардың жылына 1 000 ғана трактор сатып алуға мүмкіндігі бар. Комбайн және өзге де техникалар бойынша жағдай осындай», - дейді Есіркеп Әбдірахманов.
Есіркеп Әбдірахманов өз сөзінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы және қосалқы техникаларды құрастырумен айналысатын 120 кәсіпорынның барын алға тартады. Бұл тұрғыда өзге құрастырушылардан оқ бойы озық тұрған 5-6 кәсіпорын бар.Олар жалпы техниканың 20 пайызын өндіреді.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі осы саладағы кәсіпорындарға отандық техникаларды сатып алған жағдайда айтарлықтай жеңілдік ұсынады. Бұған қоса министрлік ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын кәсіпорындарды жаңарту үшін қаражат бөлмек», - дейді ол.
Еске сала кетсек, бүгін Астанада «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚР кредиттік серіктестерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, Лизинг компаниялардың қауымдастығы мен «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ басшылары фермерлер үшін қосалқы ауыл шаруашылығы техникаларын тиімді шарттармен сатып алуға бағытталған төрт жақты келісімге қол қойған болатын. Келісім бойынша қосалқы техникаларды сатып алу үшін шаруаларға 5 млрд теңге бөлініп отыр. Олардың 1,8 млрд теңгесі несиелік серіктестіктер, 3,2 млрд теңгесі лизингтік компаниялар арқылы берілмек.