Қазақстандық актер АҚШ-та спорттық «Оскар» сыйлығының лауреаты атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық актер Арман Асенов спорттық «Оскар» спорт сыйлығының лауреаты атанды, деп хабарлайды Kazpravda.kz.

29 қаңтар күні Атлантик-Ситиде Халықаралық жекпе-жек өнері академиясы марапаттау рәсімін өткізді. Іс-шара дәстүр бойынша әлемнің көптеген елінен келетін актер-спортшылар, жаттықтырушылар, каскадерлар жиналатын «Қара белбеу» съезінде өтті.

Қазақстандық актер Арман Асенов сыйлықтың лауреаты атанды.

«Спорттық «Оскар» сыйлығы әлемнің түрлі елінен келген спортшыларға, жаттықтырушылар мен каскадерларға, сондай-ақ кинематография саласында белсенді жұмыс жасайтын адамдарға беріледі. Салтанатты кешке қатыса алмадым, себебі мен Универсиада жеңімпаздарын марапаттау шарасының техникалық директорымын. Сондықтан марапатты алуға қызым Ариэль ұшып барды. Менің ойымша, шетелдегі осындай сыйлық - Қазақстанды әлемдік қоғамдастыққа танытудың  жоғары марапаты», - деп айтты актер.

Арман Асенов - танымал қазақстандық киноактер. Ол «Сага древних булгар» (Ресей) фильмінде Атилланың, «Возвращение в «А» (Қазақстан, Ресей) киносында - Кара-майорды, «Шыңғысхан» киносында (Италия - Польша) - Шыңғысханды, «Десант» фильмінде (Қазақстан) - лейтенант Ахметовті, «Қазақ елі» (Қазақстан) киносында - Қобыланды батырды сомдаған.

Сондай-ақ, ол қазақстандық және халықаралық кино өндірісіндегі 20-дан астам фильмнің продюсері болып табылады.