Қазақстандық алаяқты БАӘ-ден Астанаға жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірлігінің құқық қорғау органдары аса ірі көлемде алаяқтық және қолдан құжат жасағаны үшін халықаралық іздестіруде жүрген Қазақстан азаматы Шухратжан Мырсадықовты Астанаға жеткізді.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының сайтында хабарланды.

Тергеу органдары Мырсадықовты 2007 және 2012 жылдары алдау жолымен ақша қымқырғаны үшін айыптауда.

Мырсадықов банк мекемесіне үй құрылысының жалған құжатын жасап, мүлдем жоқ жылжымайтын мүлікті кепілге ұсынған. Сөйтіп, банктен 7,5 млн. теңге несие алған.

Бұдан басқа, банктен кредит алу үшін туысқанын алдап, оның мүлкін кепілге қойып, 26,5 млн. теңге алып, бой тасалаған.

Ш. Мырсадықов Әбу-Даби қаласынан Астанаға жеткізілді. Қазір ол елорданың тергеу оқшаулағышына қамалды.