Бүгін «Кедендік одақ елдерінің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ғылыммен қамтамасыз ету» атты халықаралық конференция барысында баяндама жасаған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Стратегиялық жоспарлау және инновациялық саясат департаментінің директоры Нүркен Шәбиев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні Қазақстан халқының саны 16,5 млн. адамды құрап отыр. Дегенмен, еліміздің аграрлық әлеуеті бойынша азық-түлікпен 100 млн. адамға дейін қамтамасыз ететін мүмкіндігі баршылық. Шындығында, Кеңес одағы кезінде Қазақстан басқа елдерге астық, ет пен басқа да жеміс-жидек дақылдарын жеткізуші бірден бір мемлекет болатын. Ал бүгінгі күні құрылып отырған Кедендік одақ еліміздің аграрлық саласы үшін жаңа мүмкіндіктерді аша түседі. Бұның өзі бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге үлкен қолдау болары хақ. Сондықтан да, біз үшін қазіргі таңдағы экспорттық әлеует жоғары позициялар бойынша ұстанымды арттыра түсу маңызды болмақ», деді Н. Шәбиев. Оның айтуынша, Кедендік одақ аясында Қазақстан бидайдың қатты сұрыпын экспорттау бойынша үлкен әлеуетке ие. Бұл бағыттағы ұстаным бірегей экспорттық саясат енгізілгеннен бастап одан сайын күшейе түсетін болады. Бұдан кейінгі еліміз үшін орнықты экспорттық бағыт - ұн экспорты. Соңғы үш жылда Қазақстан ұн экспорты бойынша әлем елдері арасында көшбасшы мемлекетке айналды.